Ағылшын тілі пәні мұғалімдері шеберліктерін шыңдады

0
18

 

Орал қаласында ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мақсатында «Teaching speaking like a Native speaker»  арнайы оқыту семинары өтті. Семинарға Батыс Қазақстан облысының аудан мектептері және қалалық білім беру ұйымдарының ағылшын тілі пәні мұғалімдері қатысып, шетелдік маманның тәжірибесіне қанықты. Шарада Фулбрайт бағдарламасы бойынша АҚШ-тың Вермонт штатының ағылшын тілі пәні мұғалімі Линдсей Гатчфилд дәріс оқыды. Жаһандық қарым-қатынастың басым бөлігі ағылшын тілінде жүргізілетінін ескерсек, мектеп жасынан балаларға тілдік нормаларды үйретіп, өз ойын дұрыс жеткізуге, қарапайым сөздік қорын қалыптастыруға жететін білім беруде пәнге деген қызығушылықты арттыру маңызды. Сондықтан семинар барасында ұстаздардың педагогикалық мәдениетін жетілдіру мен белсенді оқытудың жаңа әдістері айтылды. Ағылшын тілін үйретуде, әсіресе мектеп оқушыларын оқытуда олардың барлық зейінін сабаққа аударту маңызды рөл атқарады. 21-ші ғасырда оқушылардың қажеттіліктері өткен ғасырдағыдан қатты ерекшеленеді. Бұл заманда сабақ беретін әр мұғалім оқытуды үйлестіруші және нәтижелі білім ортасын құрушы болып табылады. Ондай ортада оқушылар өздеріне күнделікті  немесе болашақта қажет болуы мүмкін дағдыларды дамыта алады.

Ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің басын қосудағы мақсат- кәсіби педагогикалық шеберлікті дамытып, шығармашылық тұрғыда ынталандыру. Ұстаздардың біліктілігін көтеру, педагогикалық инновацияларды енгізу, жаңашыл идеяларды насихаттау. Оқыту семинарында сөз алған Фулбрайт бағдарламасы бойынша АҚШ-тың Вермонт штатының ағылшын тілі пәні мұғалімі Линдсей Гатчфилд шараға қатысушылармен озық жаңа әдістері мен формаларын қолдану жолдарымен бөлісті. Сонымен қатар, ағылшын тілінің аймақтық офисіндегі Қазақстандағы ағылшын тілін оқыту бағдарламаларына тоқталып өтті.

-«Менің атым Линдсей Гатчфилд. «Фулбрайт» бағдарламасы бойынша ағылшын тілі мұғалімінің көмекшісі болып жұмыс жасап жатырмын. Бүгінгі семинар облыстық білім басқармасының қолдауымен оздырылып отыр. Бұл семинарда мұғалімдермен миға шабуыл дағдылары мен сөйлеуге үйретудің стратегиялары, әдістемелеріне тоқталдық»,-дейді Линдсей Гатчфилд.

Батыс Қазақстан облысы білім басқармасы бiлiм  беруді дамыту орталығының ағылшын тілі пәні әдіскері Ажикенова Ұлпаның айтуынша, Линдсей қазір Жәңгір атындағы агралық-техникалық университет қабырғасында қызмет етуде. Семинар білім басқармасының білім беруді дамыту орталығының жұмыс жоспарына сай өтікізіліп отыр. Мұндай шаралар жиі болып тұрады. Бәйтерек, Теректі аудандарында жалғасын тапты. Жалпы курстармен «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы айналысады.

Батыс Қазақстан облысы мектептерінде жалпы 1340 ағылшын тілі мұғалімі бар. Осындай семинарларды барлық аудандарда өткізу жоспарланып отыр. Озық тәжірибемен алмасқан ұстаздар қауымы облыстық білім басқармасына алғысын білдірді. Семинардан алған білік-дағдылары оқушылардың қызығушылығын оятуға сеп болады деген сенімде.

 

Ақжарқын Нұрбекқызы

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ