«Бірде-бір парақша жүргізбеймін»: Өз күшімен әлемнің бірнеше ЖОО-на түскен жас түлек кім

0
6

Жезқазғандық Қуаныш Таирхан Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі. Әлемнің бірнеше елінің беделді жоғары оқу орындарынан шақырту алып үлгерген ол болашақта шетелде алған білімін ел ертеңі үшін жұмсаймын дейді. Бір қызығы, жас түлек замандастары сияқты әлеуметтік желіге мүлде қызықпайтын болып шықты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

18 жастағы Таирхан Қуаныш үйдегі үш баланың тұңғышы. Қарағанды қаласындағы химия- биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне 2015 жылы түскен ол 10-шы сыныпта Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне ауысқауысқан.

«Мектепте физика, химия және математика пәндерін тереңдетіп оқығандықтан, маған әрдайым осы пәндер жаныма жақын келетін. Сол себепті осы пәндерді қатты ұнатамын. Биыл мектеп бітіріп жатқандықтан, құжаттарымды әлемнің түрлі университеттерінің интернеттегі парақшалары арқылы тапсырып қойдым.

Қазір Италия, АҚШ, Гонконг сияқты әлемнің алпауыт елдерінің бірнеше жоғары оқу орнынан шақырту келіп үлгерді. Сосын елордадағы Назарбаев университетінен де шақырту алдым. Әзірге өзім Италиядағы Politecnico di Torino университетіне барғым келіп отыр, бірақ жоспарларым өзгеріп қалуы мүмкін. Оқуымды аяқтағаннан кейін еліме өзімнің үлесімді қосып, Отанымның алдындағы борышымды орындауға тырысамын»,-дейді жас түлек. Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебітінің дарынды түлегі бос уақытын қалай өткізетініне де тоқталып өтті. Айтуынша қолы қалт еткенде футбол, баскетбол ойнап, сурет салуды ұнатады екен. «Спорт менің өмірімнің үзіліссіз бөлігі болып саналады. Мен футбол, баскетбол, велотуризм, жүгіру, пингпонг секілді спорт түрлерімен айналысқанды ұнатамын. Назарбаев Зияткерлік мектебіне түспес бұрын таэквондомен 5 жыл шұғылдандым және бұл спорт түрінде бірнеше жетістіктерге жеткенмін. Қалалық, және облыстық жарыстардан жүлделі орындар алатынмын. Білімде озат болу үшін білімге деген құштарлығым және достарым көмектесті. Оқуға деген мотивацияны ғылымға деген қызығушылықтан аламын»,-дейді талантты жас. Таирхан Қуаныш қазір жастар арасында ерекше танымалдылыққа ие болып отырған әлеуметтік желілер жайлы да өз ойын ортаға салды. Алғыр оқушының сөзінше, ол әлеуметтік желілер мен интернетті тек ақпарат алу үшін қолданады екен. «Негізі әлеуметтік желіні жүргізуге еш қарсылығым жоқ. Бірақ сол арқылы қатарластарым өздеріне тек қажетті дүниені алып, өз білімдерін дамытса деймін. Мысалы мен Тикток желісін өзімнің жақындарымды қолдау үшін қолдансам, инстаграм желісінде достарыммен және жұмысқа керекті адамдармен сөйлесу үшін ғана қолданамын. Өз атымнан ешқандай парақша жүргізбеймін»,-дейді жас түлек. Сұхбат соңында Таирхан жастарға жетістіктерге жету үшін, нені қолға алу керектігіне де атап өтті.»Арманға жету үшін алдыға нақты мақсаттар қою керек. Кейде осы мақсаттарға жету үшін белгілі бір шарттарды орындау керек. Ол үшін, тек өзіңізге сеніп, өзіңізді мақсатыңыз бірдей адамдармен қоршаған жөн. Сосын ғажайыптарға сене бермей, өмірге шынайы көзқараспен қарау керек. Адам өзіне ұнайтын іспен айналысса ғана, одан нағыз ләззат ала алады деп ойлаймын»,-деп сөзін түйіндеді жас түлек.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ