Дарын Сирияда жүрегімен соғысып жүр

0
109

 

«ДАИШ» экстремистік және террорлық ұйымынан ҚР сыртқы істер министрлігі және ҰҚК ауқымды түрде бірнеше рет «Жусан» операциясын сәтті жүзеге асырып, әйелдер мен бала-шағаларды елімізге қайтарған болатын. Оларды Ақтау қаласындағы оңалту орталығына жеткізіп, дінтанушы мен психолог мамандары тарапынан  жұмыстар жүргізілді. Жамбыл облысы әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ-нің инспекторы, дінтанушы Алмас Құлымбетов арнайы оңалту орталығына шақыртылып, «Жусан» операциясы бойынша оралған азаматтарымызды райынан қайтару жұмыстарына атсалысқан болатын. Біз дінтанушы маманмен оңалту жұмыстары туралы сұхбаттасқан едік.

-Сәлеметсіз бе, Алмас мырза! Ақтау қаласындағыа іс-сапарыңыз қанша уақытқа созылды?

-А.Қ. –Сәлеметсіз! Мен үш аптадай Жусанмен оралған азаматтарымызбен жұмыс жүргіздім. Біздің барғанымыздағы мақсат Сирия мен Ирактағы соғысқа кетудің себебін және діни ұстанымдарын анықтауымыз керек болды. Жұмыс барысында жеке бес азаматшамен кездестім. Тек Жамбыл облысы ғана емес, басқа да облыстарымыздан кеткендермен де сөйлестік. Қызылорда және Алматы облысындағы азаматшалар да болды. Бес азаматшаның барлығы Шам жеріне өз еріктерімен барған. Төртеуі барғаннан кейін өкініпті. Алайда, біреуі әзірге райынан қайтатын емес. Және осы азаматшаның білім жайлы ақпараттарды қосымша білген едік. Сонда орта мектепті толықтай аяқтамаған. Жоғарғы білімі жоқ. Діни тұрғыдағы мәселелерді ақылына толықтай салмайтындығы, санасы арқылы сүзгіден өткізбейтіндігі белгілі болды.

-«Жусан» операциясынан кейін еліміздің дінтанушы мамандарының біліктілігі мен білімділігі сынға түсейін деп тұр. Егер, азаматтардың көзқарастарынан қайтара алса мемлекет үшін үлкен жетістік. Алайда, райларынан қайтара алмаса, болашақта елімізге қандай қауіп-қатерлер төнуі мүмкін? Қалай ойлайсыз?

-А.Қ. –Мұндай соғыс ортасын көрген жандар, басқа елде ислам жолында соғыс болуда деп ұран тастаса, тек бұлар ғана емес соғыс ошағына бармаған жандардың да кетуінің қаупі бар. Себебі, әр адамның діни танымы дұрыс қалыптаспаса, лаңкестік ұйымдарға азаматтарымыз кете береді. Кез келген ғимараттың іргетасы болмаса, оны суда жаңбыр да шайып кетеді. Адам да тура сондай, оның бастапқы түсінігі мен діни сауаттылығының болуы керек.

-Ақтаудағы оңалту жұмыстарының барысында дәстүрлі исламға өтіп, өз қателіктерін түсінгендері болды ма?

-А.Қ. –Ол жақта еліміздің әрбір өңірінен дінтанушы және психолог мамандары шақырылды. Жұмыс барысында өз райларынан қайтқандары да бар. Тіпті Атырау облысында «Жусан» операциясымен оралған бір азаматша АТТ мүшесі болып тағайындалды. Қазіргі таңда «ДАИШ» ұйымының қателіктерін қоғамға түсіндіріп жүр.

-Жамбыл облысындағы жергілікті «Jambyl» телеарнасынан сіздерге оралған әйелдер мен бала-шағалар туралы айтылды. Оның ішінде алтауы әйел мен 14 кәмілет жасқа толмаған балалар. Осы кісілермен жұмыс жүргізіп жатырсыздар ма?

-А.Қ. –Әрине! Біздің «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» мамандары азаматтарымызды кезең-кезеңімен райларынан қайтару жұмыстарын жасауда. Бұл кісілерге арнайы дәрістерде өткізіліп жатыр. Ескеретін нәрсеміздің бірі балаларының төлқұжаттары жоқ. Біз жергілікті билік өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста осы мәселеге де атсалысып жатырмыз. Құжаттарының мәселелерінің шешілулеріне ұсыныстар білдірудеміз. Және де олардың материалдық жағдайлары төмен. Қайырымдылық акциялары арқылы көмектер берілуде. Жұмысқа орналасу мәселелері де қарастырылып жатыр.

-Қазір бұл азаматтарымыз өздерінің үйлеріне немесе туыстарының қастарына орналастырылды. Бастапқы кезде айналасындағылардан оқшауланулары әбден мүмкін. Қоғамның бұл азаматтарға деген көзқарастары қандай болуы керек?

-А.Қ. –Көршілері немесе туыстары болсын, барша азаматтарымыз қарым-қатынас жасаған кезде аса сақтық танытқаны дұрыс. Себебі, арасында дәстүрлі исламды мойындамайтындары да бар. Ол кісілерден діни мазмұндағы насихаттарды тыңдамауға және кеңестер алмауға шақырамыз. Қажетті сауалдарды дінтанушы мамандардан сұрау керек.

-Осы азаматтарымыздың кімдердің уағызын тыңдағандығын біле алдыңыз ба?

-А.Қ. –Сәләфизм ағымының насихаттаушыларының бірі — Дарын Мубаровтың уағыздарын барлығының дерлік тыңдағаны анықталды. Саид Бурятский және т.б. да бар. Өз тарапымнан оларға мынандай сұрақ қойдым. Неге Дарын Мубаровты тыңдап кеттіңіздер? Шам өлкесіндегі соғысты қасиетті соғыс, шынайы жихад екендігін Дарын білсе, неге өзі де барып соғыспайды дедім. Ол кісілер Дарын біздің елдегі азаматтардың көзін ашып соғысқа жіберіп отыр, өзі де сонда барғысы келеді дейді. Өзінің бармайтындығының себебіне құзырлы мекемелерден қорқатындығын келтірді. Бірақ, жүрегі арқылы соғысуда дейді. Бұдан былай қорытынды шығаруға болады. Ол кісі барлығын тастап бара салса, басқа азаматтарды кім бағыттап отырады деген мәселе туындайды. Және кеткен жандардың ешқайсысы діни еңбектерді оқымаған. Әйелдердің барлығы дерлік ерлеріне бой ұсынып, күйеулеріне ілесіп кеткен. Күйеулері күні бойы ұялы телефоннан уағыз тыңдап, әйелдеріне түнде Шам еліне кету туралы айтады екен. Ол жақта өте көп қиындық көрген. Соғыс басталысымен жағдайлары күрт нашарлаған. Халифалары болып жүрген Абу Бакр аль-Бағдадиді ешқайсысы көзбен көрмеген. Күйеулерінің тапқан қаражатына кебек сатып алыпта жеген. Көшбасшы болып бастап барғандары мүлдем көрінбей кетіпті. Біздің әскерлер келіссөз жүргізіп, қайтармақшы болғанда қатты қуанғандарын айтты. Ешқайсысын күштеп алып келмеген.

-Әйел кісілердің кетуіне көбінесе күйеулерінің ықпалы әсер етті. Ислам дініде де бар, әйел заты күйеуіне бағыну керек деген. Күйеуінің қателігін айтса, ажырасып тастап кететді депте кейбірі қорқады. Тіпті әйелін тозақы етіп үкімге шығаратындары қоғамымызда кездесіп жатыр. Осындай жағдайда әйелдерге қандай кеңес берер едіңіз?

-А.Қ. –Бұл жердегі формула өте қарапайым. Күйеуінің қателігі байқалып, бойынан өзгерістер туындаса сақтық танытулары керек. Тозақысын деп үкім кесетін ол Жаратушы емес! Әйел кісілердің бұл тұрғыда еш қорықпаулары керек. Қайта құзырлы орындарға дер кезінде шағымданып, күйеуін радикалды жолға түсуінен сақтауы керек.

-Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Қадірәлі Сарыпбек

ПІКІР ҚАЛДЫРУ