Діни сауаттылық-қоғам қауіпсіздігі    

0
16

Діни сауаттылықтың қоғам үшін маңызы айқын. Қазіргі заманда сауатсыздықтан түрлі теріс ағымдардың құрығына түсіп, өз тағдырларын тәлкек еткен жандар қаншама?! Олардың арасында ақ пен қараның ара жігін ажыратып үлгермеген өрімдей жастардан бастап, оңы мен солын танитын жастағы азаматтарға дейін бар. Теріс діни ағымдар санасын улаған осындай жандарды оңалту, жалпы мұндай келеңсіздікке жол бермеу мақсатында мемлекет тарапынан ауқымды жұмыс жасалып жатыр. БҚО бойынша дін саласында 116 мүшеден тұратын 14 ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс жасайды. Құрамында 29 теолог бар.  Олардың білім деңгейлері әр түрлі. Араларында 1-магистр, 21-жоғары білімді маман, 7-орта білімді қызметкер бар. Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары мен зайырлық мәселесін түсіндіру, радикалды идеологияға қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыру, діни және құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында атқарылған шаралар өз нәтижесін бергені көңіл қуантады. 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 829 түрлі форматтағы іс-шараға 399 65 адам қатысып, оның ішінде 28 930 адамды қамтыған 372 шара онлайн форматта өткен болатын. Және мемлекеттік саясатты түсіндіру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, халықтың діни сауаттылығын арттыру, конфессияаралық келісімді нығайту, адамгершілік-рухани құндылықтарды насихаттау мақсатында БҚО-ның бұқаралық ақпарат құралдарында және интернет кеңістігінде жалпы саны 2336 материал жарық көрді. БАҚ беттері мен ғаламтор кеңістігінде берілген әр ақпарат көрерменге өз әсерін тигізері мәлім. Баспасөз беттерінде оқыған жанға ой салып, теріс ағым құрығынан сақтандырар 173 мақала жарық көрсе, 58 материал  телеарналар мен радиобағдарламаларда және бейнесюжет ретінде жарияланған. Интернет ресурстарында орналастырылған ақпарат  саны- 2103. Бұл ақпараттар білікті мамандардың жұмылдырылуымен дайындалған.

Қайшы пікір туғызған сұрақтарға жауап ретінде және жалпы діни мәселелер бойынша түсінік қалыптастыру мақсчтаныда дін мәселелерін зерттеу орталығының @oral.din және дін саласындағы қоғамдық бірлестіктердің инстаграм парақшаларында теолог, дінтанушы, тарихшы, психолог мамандардың қатысуымен тікелей эфирлер өткізілді. Мәселен, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, РhD доктор Қ.Бағашаров, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің жанындағы дайындық курстарына жауапты бас маман, исламтанушы Жарқын Еркінұлы сынды өз айтарлары бар мамандар желі қолданушылары сауалдарына жауап бере отырып, тікелей эфирге шықты. Сондай-ақ исламтанушы, ұстаз Е.Жұмаділдә, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік ғылымдар факультетінің докторанты, дінтанушы Р.Рашимбетов, Ақтөбе медициналық орталығының дәрігер-педиатры А.Өтегенова, «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» қоғамдық қорының Түркістан облысы бойынша өкілдігінің жетекшісі, PhD доктор Б.Ботақараевтың бұл санаттағы шараларға қосқан үлесі зор болды. Бұл бағыттағы жұмыстарға  исламтанушы, PhD доктарант А.Сманов, Нұр-Сұлтан қаласының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушы маманы А.Қуатов, «Жарық» ақпараттық-кеңес беру орталығының теолог маманы А.Қойшығұлова, «Ақ пен қара» кітабының авторы, әнші Б.Әбдірайымов, «Uzdiksiz damu» компаниясының негізін қалаушы, «Кайдзен» кітабының авторы, тренер Ғ.Байғалиұлы, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы Қ.Садыбаев та өз үлесін қосты.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кезінде жастарға басымдық берілді. Бірінші кезекте мектеп оқушылары, колледж және жоғарғы оқу орындарының студенттері, жұмыссыз жастарға назар аударылып, олардың шалыс баспауы үшін діни сауаттылықты арттыру мақсатындағы іс-шаралар барысында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.  Одан соң қала және ауыл жастары, ауыл тұрғындары, әскерилер мен мемлекеттік қызметкерлер, вахталық әдіспен жұмыс жасайтын азаматтар, тарих және дінтану пәндерінің мұғалімдері, спорт жаттықтырушылары, жолаушылар тасымалымен айналысатын қоғамдық көлік ұйымдарының жұмысшылары, такси жүргізушілері, өзін-өзі қамтушылар, халық көп шоғырланған сауда орындары мен базарларда саудамен айналысатын азаматта мен әлеуметтік осал топтарға көңіл бөлінді. Бұл орайда жазасын өтеушілер де жоспардан тысқары қалмады. Сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар, олардың отбасы мүшелері, ДДА ұстанушылар, кәсіпорын қызметкерлері, имамдар, әйел жамағаты, діндар жастар, мешіт жамағаты да ақпараттық түсіндіру жұмыстары кезінде  қамтылып отырды.

Діннің атын жамылып, ел ішіне іріткі салатындарға жол бермес үшін жұмыс жоспарлы түрде жүзеге асуыда,  БҚО бойынша бюджеттен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде бұл мақсатқа 46 млн 800 мың бөлінген. Қазіргі таңда қаражаттың 80% игеріліпті. Ал мемлекеттік сатып алу негізінде осындай теріс ағым жетегіне кетудің  алдын алуға 10 млн 500 мың теңге бөлінген. Оның ішінде мемлекеттік сатып алу арқылы үнемдеуге байланысты 1 млн 440 мың теңге облыстық бюджетке қайтарылып, іс -шаралар жоспарына сәйкес 100 % -дан 61,7 % игерілді.

Жат ағымның жетегінде кеткен тұлғаларды оңалту жұмыстарын жүргізу үшін олар арнайы категорияларға бөлінген. Атап айтса, белгілі бір себептермен жазасын өтеу мекемесінде отырған тұлғалар, «Жусан» гуманитариялық операциясы арқылы елге оралғандар, діни көзқарасы күмәнді азаматтардың білім іздеп, шетелдік теологиялық оқу орындарына кеткен студенттер, деструктивті діни ағым жақтаушылары және т.б. Олардың қатысымен кинотерапия, спортқа тарту, сайыстарға қатыстыру сынды бұқаралық шаралар ұйымдастырылып отырады. Әрқайсысымен жеке әңгімелесу, оңалту жұмысымен қатар, дінаралық келісімді нығайту, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында әр алуан шаралар өткізілген. Осындай тұрақты жұмыстардың нәтижесінде дұрыс жолдан адасқандарын мойындап, 122 адам радикалды көзқарасынан бас тартып, дәстүрлі исламға бет бұрған. Аталған жұмыстардың нәтижесінде есептік кезеңде облыс бойынша 828 адамды қамтыған 1499 жекелей кездесу және 176 адамды қамтыған 23 жалпы кездесу ұйымдастырылды.

Есептік кезеңде «Жусан» гуманитариялық операциясы арқылы елге қайтарылған 29 азаматшамен 175 жеке кездесу, 25 адамды қамтыған 47 түрлі форматтағы жалпы кездесу өткізілді. Атқарылған жұмыс өз нәтижесін беріп жатыр. Бүгінгі таңда атаулы санаттағы 18 азаматша дәстүрлі дінге бейімделгенін атап өткен жөн.

Қазір интернеттің пайдасымен қатар зияны да зор болып тұр. Ғаламторда отырған жастарды түрлі ұсыныстарымен қызықтырып, жетектеріне ертетін әккі ағымдар алуан әдіс-тәсілдерді қолданады. Сондықтан теріс діни ағымдарды насихаттаушылардың ең басты құралы ретінде интернет кеңістігін атауға болады. Сонымен қатар жат ағымдар дінге жаңадан бет бұрып, мешітке жаңадан барып жүрген азаматтарды анықтап, олардың діни сауатсыздығын тиімді пайдалана біледі. Сол себепті діни ақпаратты интернет кеңістігінен аларда діни бірлестіктердің ресми сайттарынан мәліметті тексеріп алудың қажеттігін әр азамат ұмытпағаны жөн.  Мамандар мешіт қабырғасын алғаш аттап, құлшылық амалдарға қызығушылық білдірген жағдайда тікелей мешіт қызметкерлеріне жолығуға кеңес береді.

Облысымызда теріс діни ағымдар тарапынан елді дүрліктіретін, жалған ақпарат берілген фактілер тіркелмеген. Дейтұрғанмен теріс діни ағым өкілдері тарапынан дәстүрлі ислам құндылықтарын бұрмалау кездеседі.

Қандай жағдай болмасын қылмыстың өтеуі-жаза. Дегенмен жазамен қоса оларды оңалту, дұрыс жолға сілтеме жасау ісі үздіксіз жүріп жатыр. Жазасын өтеушілердің өз қателіктерін түсініп, сабақ алуы, ислам дініне бет бұруында теолог мамандар кездесулер ұйымдастырады. Жыл басынан бастап теолог мамандардың қатысуымен түзету мекемелерінде жазасын өтеуші діндар азаматтармен мемлекеттік және орыс тілдерінде аптасына 2 рет топтық және жеке кездесулер өткізіліп келеді. Кездесу барысында діни көзқарасын қайта қалыптастыру мақсатында ислам дінінің негіздерінен дәрістер берілді. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында түрлі спорттық ойындар мен білім сайыстары ұйымдастырылады. Жыл басынан 60 адамды қамтыған 259 жеке кездесу және 102 адамды қамтыған 6 жалпы кездесу ұйымдастырылды. Кездесулердің басым көпшілігі карантин талаптарына сай онлайн форматта өткізілді. Аталған жұмыстардың нәтижесінде діни экстремизм мен терроризм бабы бойынша жазасын өтеп жатырған 3 азамат дәстүрлі исламға бет бұрды. Яғни, бұл темір тордың ар жағында отырған жандармен жасалған ұдайы жұмыстардың нәтижесі.

Көше бойында немесе базар мен дүкеннен діни мазмұндағы кез келген кітаптарды сатып алудан аулақ болған абзал. Себебі бұл әдебиет теріс ақпарат беріп, діни түсініктің бұрмалануына әсер етуі мүмкін. Діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде, діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыс әкімдігінің қаулысымен арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға жол беріледі.

Облыс аумағында діни әдебиеттерді және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды таратуға арналған 16 арнайы стационарлық орын анықталып, бекітілген. Оның 3-уі қалада, 13-і аудандарда.

Бұл орайда Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасы әлеуметік желілер мен интернет дүкендерге де бақылау жүргізіп отырады. Діни әдебиеттерді және діни мазмұндағы өзге де материалдарды заңсыз таратудың алдын алу мақсатында интернет-дүкендерде, әлеуметтік желілердегі топтар мен жеке аккаунттарға мониторинг жүргізіп келеді. Нәтижесінде 2020 жылы 3 әкімшілік құқық бұзушылық деректері тіркеліп,  әрқайсысына сот қаулысымен 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни  38 900 теңге қаулысымен айыппұл салынған. 2021 жылы 1 әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 145 850 теңге  айыппұл салыныпты.

Карантиндік шектеулерге байланысты 2020 жылы интернет дүкендер және әлеуметтік желілер арқылы діни әдебиеттерді сату дерегі бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар көбейгендігі байқалған еді. Осы мақсатта 2020 жылы басқармамен интернет сауда алаңдарына, әлеуметтік желілердегі топтар мен жеке аккаунттарға мониторинг күшейтіліп, нәтижесінде діни әдебиеттерді заңсыз сатуға қойған 10 азамат анықталды. Олардың алтауы мақсаттарын instagram арқылы, үшеуі olx.kz  қосымшасы арқылы жүзеге асырмақ болса, бір азамат market.kz бағдарламасын қолданған. Бұл азаматтарға заң талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ауызша ескерту берілді.

Алдағы уақытта осындай әкімшілік құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында 8,5 млн. бірегей қолданушысы бар оlx.kz сауда алаңының басшылығына діни әдебиеттерді және діни мазмұндағы өзге де материалдарды таратуды реттейтін заң нормаларын түсіндіріп, хат жолданды. Нәтижесінде 2020 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Қазақстан аумағында olx.kz сайты арқылы діни мазмұндағы материалдарды сатуға тыйым салынды. Діни әдебиеттерді осыған дейін сатуға қойған 200-ден астам азаматқа тиісті хабарлама жолданып, бұғатталды.

Бүгінде ғаламтор мен әлеуметтік желілердің оңай қолжетімділігі қауіпті де болып тұр. Әсіресе, дінге сенуші тұлғалардың көпшілігі діни ақпараттарды, діни сұрақтарға жауаптар мен уағыздарды әлеуметтік желіден табуға тырысып, кейбір күмәнді діни топтар мен қауымдастықтарға тіркеліп,  өздеріне әсер еткен кейбір діни жазбаларды немесе бейне уағыздарды жеке парақшаларында бөліседі. Бұл әлеуметтік желіде радикалды діни бағытты насихаттайтын топтар мен қауымдастықтардың және радикалды идеологияның кең таралуына әкеледі. Сонымен қатар кейбір әлеуметтік желі қолданушылары өздері тіркелген діни топтардың радикалды бағыттағы екенінен бейхабар. Аталған мәселелер бойынша қазіргі таңда «Кибернадзор» бағдарламасы арқылы мамандар жұмыстануда.

Есепті кезеңде интернет кеңістігінде мониторинг барысында діни сипаттағы деструктивті идеологияны насихаттайтын 19384 сілтеме анықталып, «Кибернадзор» бағдарламасы арқылы жолданып, 1460 сілтеме бұғатталды.

Жалпы БҚО аумағында 9 конфессияны құрайтын 82 діни бірлестік  тіркелген. Атап айтсақ,  исламдық Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 48 филалы, православтық, яғни  Қазақстандағы Православтық Шіркеудің  Орал және Ақтөбе Епархиясының» 1 аймақтық діни бірлестігі  және оған қарасты жергілікті 17  православтық діни бірлестік бар. Оның ішінде ескі нанымды православтық 1 шіркеу, Древлеправославие шіркеуі -,1 ДБ — 20, Рим-Католик шіркеуі — 2 , протестанттық ДБ – 10, Ехоба куәгерлері — 1, жергілікті буддисттік ДБ — 1. Өңірдегі діни бірлестіктер қолданыстағы заң талаптарына сәйкес қызмет етуде.

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өз мүдделерінің ортақтығы негізінде діни қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен біріккен ерікті бірлестікті — діни бірлестік деп атаймыз.Діни бірлестіктер азаматтардың діни сенім бостандығын қанағаттандыру, қоғамдық келісімді сақтау, жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттау қызметімен қоғамның дамуына өз үлесін қосып келеді.

Дін-қоғамның рухани саласы, тәрбиенің тірегі. Жамағаттың жүрегіне иман ұялатқан асыл дінімізді бұрмалап, өз мақсатарына пайдаланушылардың жымысқы әрекетіне әлі де тосқауыл болмай тұр. Олар әлеуметтік желілерді торуылдап, өз құрбандарын оңай қолға түсіруде. Ел болашағы жастар мен бүгінгі қоғамның саналы да, қуаты болуы үшін  діни сауаттылықтың маңызын ұғынып қажет. Діни сауаттылық жат ағымдарға дес бермес үшін қажет қуатты күш. Ендеше еліміздің ертеңі үшін жас буыннан бастап сауаттылықты арттыруға, қоғам қауіпсіздігін нығайтуға атсалысайық!

 

Ақпарат Айдыны

фото: ашық ақпарат көзінен алынды

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ