Діннің қоғам өміріндегі маңызы

0
245

Дін мәселелері — қай заманда да, қоғам мен мемлекет үшін аса үлкен маңызға ие. Ол ерте замандардан бері адамзат баласының тарихымен, тұрмыс-салт, мәдениетімен біте қайнасқан. Діни санасы болмаған халық жоқ. Адамның жан-жануардан бір ерекшелігі де өткенін саралап, өмірлік тәжірибелерін жүйелеп келесі буынына дұрыс бағыт-бағдар қалыптастырып жеткізуге деген талпынысында жатқандай. Жалпы, қоғамның жұмыс істеуінің және дамуының маңызды саласы — оның рухани өмірі екендігі белгілі. Рухният – адам бойындағы тек өзіне ғана тән басты байлық. Ал дүниетаным мен сенім тұлғаның сол ішкі рухани өмірінің негізі болып табылады.  Дүниетаным мен сенім өз кезегінде адамның дүниеге келген отбасының, қоршаған ортасының, елінің ұстанатын дінінің негізінде қалыптасады. Ол көп жағдайда адам өмірінде жағымды рухани атмосфераны және жақсы психологиялық-адамгершіліктік климатты қалыптастырады. Дін — адамзат тарихының үлкен тағылым-тәрбиесінің бірі және сарқылмас даналық көзі. Қоғам өмірінен дінді бөліп қарау әсте мүмкін емес. Діннің адамдарды біріктіру, қоғам мүшелерінің арасындағы қарым-қатынасты реттеу, саяси жағдайды тұрақтандыру сияқты әлеуметтік құбылыстардағы орны ерекше. Сондықтан кез келген мемлекеттің ішкі және сыртқы рухани келісімге, дінаралық және этносаралық келісім мен бейбіт өмірге қол жеткізуі үшін діннің рөлі маңызды.

Қоғам өміріндегі діннің маңызын оның атқаратын негізгі функцияларынан анық байқай аламыз. Атап айтар болсақ: діннің дүниетанымдық функциясы – қоғамдағы адамдардың қоғамға, табиғатқа деген белгiлi бiр көзқарастарын және жалпы өзін қоршаған дүниенi түсiнуді, түйсiнуді, сезiнудi қалыптастырады; компенсаторлық функциясы — адамдардың дәрменсiздiгiнiң орнын сананы қайта құру арқылы, сондай-ақ тiршiлiк етудiң объективтiк жағдайларын өзгерту арқылы да адамдарға өзіндік қолдау білдіреді, жігер береді, сүйеу болады; коммуникативтiк функциясы – адамның қоғамдағы қарым-қатынасын жүзеге асырады. Қарым-қатынас дiни емес және дiни әрекеттер мен қатынастарда қалыптасады, ол ақпаратпен алмасу, өзара әрекеттесу, адамды адамның қабылдауы процесстерiн қамтиды; Дiннiң реттеушi функциясы белгiлi бiр идеялар, құндылықтар, нұсқаулар, пiкiрлер, дәстүрлер, институттардың көмегiмен жеке адамдардың, топтардың, қауымдардың әрекетi, қарым-қатынастарын, санасын және жүрiс-тұрысын реттеуді жүзеге асырудан көрiнедi. Аталған функциялардан өзге діннің интеграциялаушы-дезинтеграциялаушы функциясы, мәдениет тасымалдаушы функциясы, заңға сәйкестендiрушi-заңға сәйкестендiрушi емес деген секілді функциялары да бар және барлығы да қоғам өмірінде өте үлкен маңызға ие деп толыққанды айтуға болады.

Дiннiң рөлiн анық бiр мекен мен уақыт кеңiстiгiнде объективтi түрде, тарихи тұрғыдан нақты талдауға көмектесетiн негізгі екі ұстанымды қарастырып көрейік. Дiннiң әсер ету дәрежесi оның қоғамдағы орнына байланысты, ал бұл орын бiр жолата тағайындалмайды, ол сакрализация (лат. sacer — қасиеттi) және секуляризация (кейiнгi лат. saecularis – дүниелiк, зайырлы) процесстерiнiң контексiнде өзгерiп отырады. Сакрализация дiни санкция саласына қоғамдық және жеке адам санасының формаларын, қарым-қатынасты, адамдардың жүрiс-тұрысын, институттарды тарту, дiннiң қоғамдық және адамдардың жеке өмiрiнiң әр түрлi салаларына әсер етуiнiң өсуi дегендi бiлдiредi. Секуляризация, керiсiнше, дiннiң қоғамдық және жеке адам санасына әсерiн әлсiретуге, адамдардың жүрiс-тұрысын, қарым-қатынастарын және институттарды дiни санкциялау мүмкiндiктерiн шектеуге деген әрекет деп түсінсек болады.

Осы орайда сөзімді қорытындылай келе айтарым, дін — адамзат қоғамындағы аса күрделі де маңызды әлеуметтік мәдени сала. Қоғам ішінде туандап тұратын әр түрлі мәселелерді шешуде қоғамдағы діннің рөлін ескермеу үлкен олқылық болмақ. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып айтарым, әсіресе замандас жастар буынына, діни сауатты болуға тырысыңыздар, себебі қазіргі әлемдік шиеленіскен жағдайлар кезеңінде, қоғам ішіндегі әр түрлі қарама-қайшылықтардың пайда болуына да және олардың шешілуіне де діни фактордың әсері ерекше. Сол бағытта ізденістер жасау үшін барынша тек тексерілген, арнайы мамандардың сараптауымен мақұлданған ақпарат көздеріне жүгінгендеріңіз жөн. Себебі, қазіргі уақытта дін атын жамылған, пиғылы арам топтар да жасырын түрде өз қызметтерін жасауда. Солардан сақтануымыз керек, мүміндігінше басқаларды да сақтандырғанымыз абзал. Қоғамымыздағы басым көпшіліктің діни сауаты жоғары болған кезде ғана біз сыртқы күштердің дін мәселесіндегі «қуыршағы» болып қалудан қорғана алмақпыз.

Батан Зейінді

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің

1-курс магистранты

Ғылыми жетекшісі: Қаңтарбаева Жанна

www.kaznu.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ