Батыс Қазақстан облысының  Тасқала ауданының Амангелді ауылында жақында тазылар жарысы өтті. Оған  облыстың басқа да бірнеше аудандары қатысты. Жалпы, Оралда тазы ұстайтын 70-тей үй бар екен.

Көне заманнан бері келе жатқан тазы жүгірту дәстүрін өз көзімізбен көріп өстік. Тазылар басқа иттер сияқты далада жатпайды. Оларды  нағашыларымыз үйдің кіре беріс кең дәлізінің бір бұрышында ,кәдімгідей   күтіп ұстайтын. Оларға  беретін тамағы да басқа иттердікіндей емес, жеңгеміз оларға бөлек тамақ жасайтын.Нағашыларымыз теміржол бойында тұрғандықтан, әдеттегідей  сенбі-жексенбі күндері  кезекпен демалатын күндері тазыларын ертіп аңға шығады. 5-6 тазысын ертіп,атқа қонған ағалар кешке аттарының екі  жағы олжаға кенеліп келетін. Қоян, қарсақ, суыр,кейде борсық әкелетін.Әрине, оның бәрін тазы иттер ұстайды.Терілерін сыпырып алған соң, аңдардың етін тазыларына шақтап-шамалап беретін. Ал аңдар терісін ары қарай реттеу біздің әжеміздің шаруасы еді.Біраз уақыттан кейін сол терілерден қазақи тымақтар немесе түрлі қазақи тондар тігіліп, сыйлы құдаларға кигізілетіне есте қалыпты. Әжеміздің айтуынша, қасқыр ұстайтын тазылар да болған екен. Оларды жаугершілік заманда тұтқынға түскен адамды қайтарып алу үшін бағалы дүние ретінде беріп отырған дейтін әңгімесі есте  қалыпты.

Қуанатыным, сол тазылардың тұқымы жойылмағандығында. Тазы деген ұғым таза дегенді білдіреді деуші еді үлкендер.Қазір өңірде иттердің осы түрін ұстау жүзеге аса бастағандай.

Орал өңірінде өткен тазылар сайысы жағымды жаңалық. Тасқала ауданындағы сайыс барысында тазымен аң аулау шарты қалай орындалды? Яғни, бір сағат ішінде тазылар қандай нәтиже көрсетті? Аталған ауданнан жарысқа  32 тазы ит қосылды.Жоғарыда айтып өткеніміздей, тазы жарысқа батыстың  басқа да аудандарынан командалар қатысты. Жарыс  нәтижесінде  Оралдық Нұрлан Мұхтаровтың «Текті» деп аталатын құмайы бірінші орынды, ал басқа тазысы  үшінші орынды жеңіп алып, тиісінше  70 және 20 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.Екінші орынды Бірлік ауылынан Ринат Хафизовтың  тазысы иеленіп, оған  50 мың теңге сыйлық берілді. Жарыстың демеушісі Алтынбек  Жұматаев та атаусыз қалған жоқ. Оның еңбегі еленіп, Амангелді ауылдық округі әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

 

Баян Таңатарова

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ