«Коронавирусты жұқтыру жағдайлары төмендеп келеді»: Цой елдегі эпидахуал жайлы айтты

0
4

Еліміздің денсаулық сақтау министрі Алексей Цой үкіметтің онлайн отырысында республика аумағында корнавирус бойынша эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталғанын хабарлады. Болжамға сәйкес, ауру жұқтыру көрсеткіші оптимистік сценарий бойынша тіркелуде деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Алексей Цойдың хабарлауынша, Қазақстанда 10 маусымдағы жағдай бойынша жалпы елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 397 976-ға жеткен. Коронавирус белгілері бар пневмониямен ауырғандар саны 55 999 адамды құрап отыр. Республика «жасыл» аймақта тұр. Қазақстан бұл санатқа 6 маусым күні өткен болатын. Ел аумағында Нұр-Сұлтан қаласы ғана «қызыл» аймақта тұр. «Сары» аймақта Алматы қаласы мен Атырау, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстары бар. Еліміздің қалған 10 өңірі «жасыл» аймақта. «Жалпы алғанда, республика бойынша коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайлары төмендеп келеді. Қазіргі уақытта COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталғаны байқалады. Болжамға сәйкес, ауру жұқтыру көрсеткіші оптимистік сценарий бойынша тіркелуде (тәулігіне 1260 адамға дейін). Жағдай министрліктің тұрақты бақылауында», — дейді Алексей Цой.

Оның сөзінше, соңғы аптада коронавирус жұқтырғандар саны 11 мыңнан 8 мыңға дейін төмендеген немесе алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,3 есеге азайған. Мамыр айынан бастап коронавирус жұқтыру көрсеткіші 2,1 есе төмендеді. Республика бойынша 10 маусымда төсек-орындар санының толуы 24 пайызды, реанимациялық төсек-орындардың толуы 21 пайызды құраған. Өткен айда емделіп жатқан науқастар саны да азайған. Нәтижесінде өңірлер коронавирус жұқтырған науқастарға арналған қосымша ауруханалардың санын біртіндеп қысқарта бастаған. Мәселен, елордада 330 орынға арналған төрт станционар, Алматыда 2 мың орынға арналған 11 станционар жабылған. Еске сала кетсек, өткен тәулікте елімізде 1144 адамнан коронавирус анықталған болатын. Инфекция жұқтырғандардың басым көпшілігі Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысында тіркелген.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ