Мамасарипова: Нұрболханның даусын естігенде өзім де таңғалдым, ол өзі сұранып келді

0
7

Жақында ғана аяқталған «Маска» жобасы бүгінде елдің қызу талқысында. Көрерменнің бірі шоуға аса тәнті болса, ені бірі өз ойын айтып қарсылығын білдірді. Жоба продюсері Гүлнұр Мамасарипова көпшілік көңілінен шыққан шоу туралы бар шындықты айтып, ел көкейіндегі сұрақтарға жауап берді.  Гүлнұр Мамасарипова аталмыш жобаны Корей елінен алып келгенін ашық айтты. Белгілі продюсер көрерменге оңай көрінгенімен, байқауды ұйымдастыру аса қиынға соққанын жасырмады. «Бұл Корей елінің жобасы. Әлемдік деңгейге жеткен жоба. Жобаны өз елімізде өткізу үшін рұқсат алу керек болды. Өзімізде көрермен жинау үшін тағы рұқсат керек болды. Себебі бұл пандемия кезінде түсірілген жоба. Бізге көрермен толтыруға рұқсат еткен жоқ. Ал талап бойынша, көрермен актерлерді іріктеуге қатысу керек болған. Сондықтан барлық жауапкершілік әділқазыларға түсті. Қанша мамандарға, музыканттарға хабарластық. Әділқазы алқасында болыңыз деп ұсыныс айттық. Бірақ бәрі келіскен жоқ. Олардың бірі әнші емес, бірі актер, бірі блогер, бірі тележүргізуші деген секілді таңдау болды. Маған көпшілік әділқазылар дұрыс емес деп жазды. Бірақ менің шақыртуымды алмаған қанша әншілер бар» , – деді продюсер «Таңғы хабар» бағдарламасына берген сұхбатында.  Мамасарипова Әміре, Ерден, Айри секілді әншілерге жобаға қатысуға өзі ұсыныс айтқанын мойындады. Шоу-бизнес өкілі байқауға барынша нағыз таланттарды қатыстыруға тырысқан. «Жобада бәрі құпия болғандықтан адамның атағы маңызды болған жоқ. Егер кім қатысып жатқаны белгілі болса, онда рейтинг қуып көпшілікке қызық деген адамдарды тартар едік. Бірақ мен нағыз талантты, көрінбей қалып жүрген әншілерді тарттым. Себебі онда кімнің кім екенін ешкім білмейді. Әміреге де, Ерденге де, Айриге де, Гүлнәз Жолановаға да, Әлішерге де өзім ұсыныс айттым. Оларды өзара іріктедік. Мен сырттай даусын танымағандарын жобаға алдық» , – деді Мамасарипова.  Продюсердің сөзінше, әзілкеш Нұрболхан Шарапов жобаға өзі сұранып келген. «Нұрболхан өзін ұсынды. Өзі сұранып келді. Оның ән айтатынын ешкім білген жоқ. Мен де білген жоқпын. Шоуға Нұрболхан қатысып жатыр деп ешкім ойламады. Жобаға әншіден басқа да адамдар қатыса алатын болған соң оны алдық. Ән жазып келіп еді, оның даусы емес шығар деп күмәндандым. Біреудің даусын жазып келді ме деп ойладым. Солай студияға шақыртып ән айтқызғанда өзіміз таңғалдық. Солай оны қабылдадық. Аяғында финалға дейін барды. Оны ешкім финалға барады деп ойламады» , – деді Гүлнұр ханым.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ