Медресе — руханият мәйегі

0
16

 

Діни ағартушылық саласында медреселер жұмысының маңызы орасан.  Қазақ тарихындағы зиялы қауым өкілдерінің барлығы дерлік медреседен тәлім алды. Сондықтан медресенің тұтас халықтық идеологияны қалыптастыруда өзіндік салмағы болды. Медресе тек қана бастапқы сауаттандырумен ғана шектелмейді. Басты қызметі-діни сауатты ашып, қасиетті Құран құндылықтары мен сүннет сырларын үйретумен бірге, жас ұрпақтың ұлттық нақышты, салт-дәстүрімізді де тереңірек танып-білуіне бағытталған. Бұл орайда Жайық өңірінде діни сауаттылықты дамытып, білімімді жетілдірем деген азаматтарға арналып 2008 жылдың сәуір айында Орал медресесінің негізі қаланды. Медресе Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Батыс Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы Смайл Сейтбеков, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазреттің тапсырмасымен жергілікті кәсіпорын, мекеме басшылары мен бірге ұйымдасқан түрде сол кездегі облыс әкімі Б.С.Ізмұхаметовтың қатысуымен ресми түрде ашылған болатын.

Батыс аймақты қамтитын Орал медресесі Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарынан  шәкірттер қабылдайды және оқу орнын тәмамдағандарға Исламтану мамандығы бойынша имам хатиб біліктілігі беріледі. Медреседе оқып шыққан  шәкірттер аудандық, ауылдық мешіттерге имам, наиб имам және азаншы болып жұмысқа жіберіледі.

Медресе кітапханасы діни әдебиеттер және оқу құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Кітапхана қорында  6479  әдебиет бар, олардың  5935-і қазақ , 327 араб, 217 орыс тілдерінде. Ғимараттың құрылымы цоколдік қабаттан, 1 және 2 қабаттан тұрады. Оқу орны орналасқан жер көлемі 0.3050 га. Оқу орнының жалпы көлемі 741,1 шаршы метр аумақты алып жатыр. Медреседе оқу мерзімі өзге медреселердегідей 2 жыл 10 ай. Оқу тегін, шәкірттердің басым көпшілігі медресенің жатақханасында тұрады. Оқу жоспарына сай шәкірттер дәріс тыңдап, практикалық, зертхана сабақтарына қатысады және де өзіндік жұмыспен айналысады. Соңынан курстық жұмыстар, сынақ, емтихан тапсырады. Оқу бағдарламасы Қазақстан мұсылмандары  діни басқармасының оқу бөлімімен келісіліп бекітілген.

Медресе жанында басқа оқу орындарындағыдай  жалпы гуманитарлық пәндер де, басқа пәндер де оқыталады. Атап айтар болсақ, орыс тілі, Қазақстан тарихы, дене тәрбиесі, әлеуметтік-экономикалық пәндерден-  мәдениеттану, философия негіздері, саясаттану және  әлеуметтану негіздері, экономика негіздері, құқық негіздері, информатика пәндерінен сабақ өтеді. Сондай-ақ  жалпы кәсіптік пәндер ретінде педагогика және психология, діндер тарихы, Араб тілі, Ахлақ, Араб тілі морфологиясы, синтаксис, ғылым және дін оқытылса, арнайы пәндер ретінде Құран Кәрім, Тәжуид іліміне кіріспе, Тәфсір ілімі, Хадис ілімі, Ислам тарихы, Ғибадат, Фиқһ негіздері, Ақида(сенім) негіздері үйретіледі. Бұдан өзге Мазһабтар тарихы, Ислам мәдениеті және өркениеті, Пайғамбарлар тарихы, Сияр шәріп т.б.мамандандырылып, Мазһабтар мен бағыттар, Ислам рәсімдері, Шариғат мақсаты, Ханафи мазһабының дәлелдері, Шешендік өнер, Дағуат әдістемесі, Дін мен дәстүр деген қосымша пәндер өткізіледі.

-«2021-2022 оқу жылына Бытыс Қазақстан облысының діни басқармасы 25 балаға мемлекеттік тапсырыс беріп отыр. 1 курс шәкірттеріне стипендия төленеді. Медреседе 3 оқу аудитория, 3 жатақхана, 2 ұстаздар және тәрбиешілер бөлмесі, 2 әкімшілік және оқытушылар бөлмесі, есепші бөлмесі, мед.пункт бар. Күніне үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Асхана 60 адамға арналған. Жуынатын орындар, дәретханалар бөлек. Кітапхана, мәжіліс залы, компьютер бөлмесі жұмыс жасайды. Студенттердің алаңсыз білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар бос уақытта көруге арналған 1 теледидар, студенттердің араб тілін жетілдіру мақсатында араб тілді телеарналар орнатылған. Шәкірттерге тиімді қызмет көрсете білу үшін араб, Түркия және басқа шет елдерде ілімін жетілдірген ұстаздарымыз медреседе дәріс беріп келеді»,-дейді  орталық мешітінің бас имамы Сабралиев Бақытжан Құралбайұлы.

Патшалық Ресей кезінде қазақты дінінен, ділінен, тілінен айырмақ болғандар мешіттерді, медреселерді қиратып, емле, шағатай, араб және парсы тілдерінде жарық көрген кітаптардың да біржолата көзін жоймақ болды. Қазақстан тәуелсіздік алған тұста руханият үйі мешіттеріміз бен медреселеріміз қайта ашылған болатын. Қазақ елінің рухани мәйегін  әлсіретуді көздеген сұрқай саясат дегеніне жете алмады. Бүгінде заманауи медреселер дін мен дәстүрдің өзара сабақтастығының жоғарғы үлгісіне айналып отыр.

Орал медресесінде тұрақты жұмыс жасайтын қызметкерлер саны-16, сырттан келіп қосымша жұмыс жасайтын 3 ұстаз бар. Діни пәндер бойынша 5 ұстаз сабақ береді. Қазіргі таңда медресе 55 шәкірт білім алуда, олардың ішінде 4-Маңғыстау облысынан, 7 -Атырау облысынан, Ақтөбе облысынан 1 бала, Қызылорда облысынан 1, қалған 42 шәкірт Батыс Қазақстан облысының қала, аудан, ауылдарынан.  2008 жылдан бері медресе жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен жұмыс жасап келеді. Қосымша сабақ алам деген шәкірттер түс қайта қойылған кесте негізінде оқиды. Сонымен қатар алдағы жылы оқуға түсемін деп ниет білдірген азаматтар 3, 5 айлық курс алды даярлыққа қабылданған. Себебі медресеге бастапқы діни білімі жоқ жандар қабылданбайды. Медресе түлектерінің ішінде қазіргі кезде басқа жоғары оқу орындарында, шет елдерде білім алып жүрген шәкірттер баршылық.  2011 жылдан 2021 жылға дейін Орал медресе-колледжінен  110 шәкірт түлеп ұшса, бүгінде олар Қазақстанның түкпір-түкпірінде халыққа қызмет көрсетуде.

 

Фото: ашық ақпарат көзінен алынды

Айгерім Жарқынқызы

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ