Шетелде діни білім алудың артықшылығы мен кемшін тұсы

0
12

Жастайынан ел көріп, жер таныған жанның таным көкжиегі кеңіп, айналасын бағдарлап, әр нәрсеге өзіндік биік талғамы, айрықша көзқарасы қалыптасатыны белгілі. Шетелде білім алу кезінде сол елдің мәдениетіне қанық болып, тілін, салт-дәстүрін тез үйренуге мүмкіндік болады. «Көре көре көсем боласың, сөйлей, сөйлей, шешен боласың демекші», көпті көріп, айналасын таныған сайын алған білімін өз елінде кәдеге жаратуда қажет қасиеттерді бойына сіңіріп, құлшыныстар пайда болады. Шшетелде оқып, діни білімін жетілдірген теолог мамандар осылай дейді.

БҚО-да шетелде ілім алған 3 теолог маман жұмыс жасауда. Солардың бірі — Азат Ерланұлы. Ол 2012 жылы Мысыр Араб республикасының Каир қаласындағы «Әл-Азhар» университетінде ілім жолын бастаған. Кейін оқуын толық аяқтамай, сол Каир қаласындағы «Айн Шамс» университетінің тіл мамандығына ауысады. 2020 жылы осы оқу орнын толыққанды бітіріп шығады. Осылайша діни саладағы білімін жетілдіріп, жан-жанқты сауатын ашуға сегіз жыл уақытын жұмсапты. Шетелде жүріп діни білім алудың өз артықшылықтарымен қатар кемшін тұстары да бар екені аян.

-«Шетелде жүріп білім алудың артықшылықтары-сол елде жүріп тілді тез үйренесің, тез бейімделесің, тұрмыс-тіршілікті сіңіресің, екінші жағынан егер ол адамның діни базалық, грамматикалық білімі болмаса уақыт жағынан ұтылуы мүмкін. Немесе мақсатына жетуде тіл білмегендіктен қайтып елге кетіп қалу ықтималдығы бар. Артықшылықтары өте көп. Қандайда да тіл үйрену сол мемлекеттің өзінде ыңғайлы. Қай сөзді қалай қолдануды білесің, грамматика, синтаксис, морфологиясын меңгересің. Кітап аударуға жеткілікті деңгейде тілдік қорды жинақтайсың. Осы тұсын артықшылық деп айтар едім»,- дейді бүгінде туған жеріне оралып, БҚО-да қызмет етіп жүрген теолог маман Азат Ерланұлы.

Дәстүрлі жолымыз, асыл дініміз ислам – білім қуып, ізденуді парыз деп бұйырған дін. Дініміздің осы тұсы исламның хақ екенін дәлелдей түссе керек. Өйткені дүниеде білім мен ғылымды парыз санайтын исламнан басқа дін жоқ. Сондай-ақ, қазақ мақал-мәтелдерінде: «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ», «Ақыл — тозбайтын тон, білім — таусылмайтын кен», «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады»,«Білім таппай мақтанба, өнер таппай баптанба», «Білім — нұр, надандық — қараңғылық», «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп», «Білім — гауһар, бағасы жоқ, надандық — кесел, дауасы жоқ»,- деп білімге ынталандырған. Осы мақалдардың мән-мағынасы діни ілім алушылар үшін де айрықша. Себебі білімсіздік, надандық-шынында да үлкен кесел, тіпті қоғам үшін қауіпті болып тұр.

Азат Ерланұлы шетелде білім алудың кемшін тұстарының бірі ретінде өзге елдегі теріс ағымдардың сауаты төмен азаматтарға  ықпалы зор екенін атап өтті.

-«Қазіргі таңда көптеген жастарымыз басқа мемлекетке барып, тәлім алып жатады. Діни көзқараста айтатын болсақ, Мысыр Араб мемлекетінде жүргенде көріп жүрдік. Жастар бір адамның, не мемлекеттің бағытынсыз көптеген орталықтарға барып, араб тілін үйренбек болады. Еш нұсқаусыз тәлім алу-аса қауіпті. Шет елде ешкімнің сізге жаны ашымайды. Әр түрлі идеологиялар бар. Ресми емес орталық өте көп. Олар арзан бағаға оқытуы мүмкін. Біздің азаматтарымыз осыларға барып, біріншіден- ақшасын үнемдемек болады. Бірақ сол жерде тәлім берген ұстаздары теріс идеологияларды айтып, бұрыс жолға түсіріп жіберуі ғажап емес. Көптеген қырлары бар. Ұлттық қауіпсіздік қызметтері ол жақа барған әр адамды тексереді. Ресми жолдамасыз жүрген студенттік виза берілмейді. Оларды тексеру кезінде виза болмаса ұстап алып, абақтыға қамап жататын кездер де болады»,-дейді теолог.

Мамандардың сөзінен ұққанымыз-бастапқы діни ілімді, яғни, бакалаврлық базалық білімді өз еліміздегі оқу орындарынан алу қажет. Сондықтан да болашағын дінтану мен теологиялық ілімдерді зерттеуге арнаған жастар өз  Отанында да кәсіби білім алудың барлық мүмкіндігі жасалғанын ескергені абзал. Ал шетелдердің діни оқу орындарына ҚМДБ және мемлекетаралық келісім негізінде ғана магистратура және доктарантура оқуға барса бұл нағыз білімді жетілдіру тетігі ретінде ұтымды жүзеге аспақ.

-«Білім алу-инемен құдық қазғандай. Шет мемлекетке тәлім аламын деп бірден шауып барудың қажеті жоқ. Ешкім сіздің басыңызға білімді құйып бермейді. Зайырлылықты, тәлімді алмақ болса, әр жас бірінші өзін Қазақстанда шыңдап, колледж, университеттерде базалық білімін шыңдап, жақсы нәтиже көрсеткеннен кейін ғана шетелде білімін тереңдетсе құп. Бірақ бізде қызығушылықпен шетел асуға асығатындар көп. Кейін денсаулықтарына, материалдық жағдайларына байланысты оқуын көбі аяқтай алмай, кері қайтып жатады. Өз күшін есептеп барғаны жөн. Себебі олар уақытын жоғалтады, көп нәрседен ұтылады»-деп дінге бет бұрған азаматтардың шекара асуға асықпаулары қажетін баса айтқан Азат Ерланұлы шетелге тек мемлекеттің қолдаумен барған жөн дейді. Себебі өздері осындай жоладамамен барған соң білім алуда айтарлықтай қиындықтар кездеспегенін жеткізді. Алдымен Мысыр Араб республикасындағы елшілікке тіркеліп, рұқсат қағаздарын, құжаттарын алдық. Және үнемі қамқорлықты, қауіпсіздікті сезіндік дейді.

Студенттер сапалы діни білім алуда еліміздің де мүмкіндігі жоғары екенін білуі керек. Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 1 ислам университеті мен 9 медресе жұмыс істейді. Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей ықпал етуімен Алматыда «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті ашылған болатын. Білім ошағында  жоғары білімді, әрі білікті дінтанушы, исламтанушы, араб және ағылшын тілдерінің аудармашысы мамандықтары бойынша оқытады. ҚР Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес оқу орнының оқыту бағдарламасы дайындалып, діни пәндерден тәлім беріледі. Бұдан өзге Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «дінтану» мамандары даярланады. Аталған жоғары оқу орындарында мемлекеттің тапсырмасымен 1000-ға жуық студент білім алып жатыр. Олар- болашақ дінтанушылар мен теологтар. Сала мамандары енді ғана алғашқы қадамдарын бастаған жастар осы оқу орындарында базалық білімін қалыптастырып, одан кейін өзге елге аттанса жақсы нәтиже болады деп сендіреді.

  • «Теологиялық оқу, діни білім алу жоғары қарқында жүзеге асты. Мысыр Араб республикасында Муфтият тарапынан сайланған студенттер төрағасы бар. Ол -Сергазив Руслан Амантайұлы. Ол азамат студенттерге қарайды. Елшілік тарапынан барлық келген азаматтар тіркеледі. Білім деңгейлері жақсы, дайындықтары бар. Бәрі бақылауда. Бізге, қаракөз бауырларымызға көз қырларын салатын осындай жанашыр азаматтарды тағайындап қойғаны үшін елімізге мың да бір рақмет!»-деп сөзін тәмамдаған Азат Ерланұлы мемлекеттің қолдауына алғысын білдірді.

Дін мәселесі аса абай болуды талап ететін нәзік тақырып. БҚО-да шетелде оқып, нақты диплом алған 3 теолог маман жұмыс жасауда. Ал арнайы курстан өткен 2 маман бар екен. Ерім дейтін елі барда, елім дейтін ерлер туады. Діннің мемлекетке үлкен пайдасы, қамқорлығы ретінде бойына үлкенді сыйлау, елді бірлікке шақыру қасиеттерін қалыптастырған ұл-қыздың иман байлығын атап өтуге болады. Исламның қайнар көзі де осы. Аталмыш қасиеттерді бойына сіңірген әр адам мемлекеттің тұтастығы мен өркендеуіне өз үлесін қоса алады. Діни көзқарастарымыз бен бағытымыздың дұрыс болу, еліміздің рухани тұрақтылығы мен бірлігі, әрі Отанымыз рухани қарыштап дамуы-әр кішкентай қадамнан басталады. Ендеше әр қадамымызды аңдап басып, болашағымызға асқан жауапкершілікпен қарағанымыз абзал!

 

 

 

 

Айгерім Жарқынқызы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ