«Өте маңызды»: Аймағамбетов жақын арада жаңа қаулыға қол қоятынын айтты

0
10

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жұмысқа тұрғызғаны үшін пара алатын директорлар мәселесі қалай шешілетінін айтты деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. «Енді, шындықты бәріміз білеміз. Өмірде қандай жағдайлар болып жатқанын да көріп жүрміз. Сондықтан ондай мәселелердің, бұндай тәуекелдердің бар екенін мойындаумыз қажет. Біз оны білеміз. Білгеннен кейін арнайы нормаға бастамашы болып, оны заңнамаға енгіздік», — деді Аймағамбетов Antikornews студиясында. Министрдің айтуынша, бұрын мектеп директоры мұғалімді жұмысқа қабылдағанда жеке өзі шешім қабылдайтын. Ал адам өзі шешім қабылдағанда сыбайлас жемқорлық қаупі бар. Бұдан бөлек, нақты бір талаптар болмады. Енді, мұғалімді жұмысқа алу мәселесін директор жеке өзі шеше алмайды. Бәрін конкурспен өткізеді. «Мысалы, бір бос орын болса, оған алдымен жарнама жасап, хабарландыру беріледі. Нақты жалақысы, жұмыстың көлемі мен талаптары да көрсетіледі. Ал үміткерлер конкурсқа өз құжаттарын тапсырады. Әрине, ашықтықты қамтамасыз ету үшін біз осы жұмыстың бәрін электронды форматқа ауыстыруымыз қажет», — деп атап көрсетті Аймағамбетов.  Соның нәтижесінде мектепке білікті мұғалімдер келеді. «Бүгінде осы норма білім туралы заңға енді. Оны іске асыру үшін министрліктің тиісті бұйрығын дайындап жатырмыз. Мен бір-екі жұманың ішінде осы бұйрыққа өзім қол қоямын. Содан бастап жаңа норма іске асады. Бұл – өте маңызды мәселе», — деді министр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ