«Жусан» операциясымен елге оралғандарды оңалту

0
21

БҚО-на «Жусан» операциясы арқылы жат ағымның жетегіне ілесіп, шетелдегі қақтығыс аймақтарына кетіп қалған 30 әйел оралған болатын. Олардың жандарында 79 бала бар. Елбасының бастамасымен қалыптасқан сыртқы саясатағы басымдықтарымыздың бірі және бірегейі болған операция сәтті жүзеге асып, ата-баба салған сара жолдан, асыл дініміздің бағытынан адасқандар елге қайтарылды. Бұл еліміздің әлемдік аренадағы беделі мен қандастарымыздың тағдырына бей-жай қарамау қағидаты негізінде жүзеге асқан операция болды. Бүгінде діни сауатсыздықтан тағдыр тәлкегіне ұшырап, шаңырақтары ортасына түскен талай отбасы «Жусанның» шарапатын көріп, террористік, экстремистік ағымдар тырнағынан құтқарылды. Туған жерге, қоғамға қайта оралған жандардың аяқтарынан тік тұрып, ел қатарына қосылуына мемлекет зор көмек көрсетті. БҚО-да мұндай санаттағылармен жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп, үнемі бақылау жасалып отырады,-дейді мамандар.

Теолог мамандардың айтуынша, қазір олардың барлығы да радикалдық ұстанымнан бас тартқан. Қоғаммен етене араласып, етек-жеңдерін жиған. Жеке кәсіп ашып, өз істерін жүргізіп жатырғандары да бар.

-«Елге келгендердің ешқайсысы қоғамнан шет қалған жоқ. Біз олардың жан жарасын ұмытып, алға ұмтылуына, дұрыс бағытта болуларына жол сілтеп отырамыз. Әрқайсын оқытып, мамандық беріп, мемлекеттік бағдарламалар бойынша іс бастауларына қолбағыс етілді. Бірі шаштараз ашса, енді бірі асхана, сұлулық салондарын жасақтап, өздері қалаған кәсіптеріне ден қойды. Араларында құс шаруашылығымен айналысып, қора салып, тауық асырап жатырған әйелдер де бар. Бүгінде оларда экстремизм, терроризм белгілері жоқ. Қоғамнан оқшауланбайды»,-дейді соғыс аумағынан құтқарылған әйелдер қауымымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап келе жатқан «Аманат-Жайық» қоғамдық қорының теолог маманы Данаева Назгүл Медерқызы.

Теріс діни ағымдардың жетегіне ілесіп, өзге елдерге кетіп, қанды қырғын арасында отбасынан, жарынан, шиіттей бала-шағасынан айрылған әйелдермен

жұмыс тәжірибені, білім мен батылдықты талап етеді. Бұл орайда БҚО-да білікті мамандар саусақпен санарлықтай. Оларға артылған жүк ауыр десек те болады. Санасы уланған жандарға дұрыс жолды нұсқап, асыл дініміз Ислам шариғаттарының шын мәнінде мейірбандыққа, бейбітшілікке шақыратынын ұқтыруда теологтардың еңбектері зор.

«Жусан» операциясы арқылы туған жеріне оралған жандардың бірі-27 жасар Динара есімді Орал қаласының тұрғыны. Үш баланың анасы. 2019 жылы 27 мамырда « Жусан» операциямен елге қайтып келген. Бүгінде кейіпкеріміз өз қателігін түсініп, теріс ағымдардың құрсауынан құтқарған еліне алғысын айтып жүр. Жат ағым жетегінде жүріп сәбиінен, жарынан айрылған әйел жастарға бұл орайда сауатсыздықпен күресіп, белгісіз, күдікті ағымдар уағызын тыңдаудан аулақ болу қажетін ескертеді.

-«2010 жылы мен намаз оқып бастадым. Дін туралы ешқандай білімім болған жоқ. 2012 жылы болашақ күйеумен «Аgent» әлеуметтік желісі арқылы таныстым. 3 айдан соң онымен неке қидым. Ол деструктивті ағымда болғанын білген жоқпын.

Барлық мәліметтерді, ілімді одан алдым. 2013 жыл ол мені Египетке шақырды. Араб елінде білім аламыз, араб тілін үйреніп, құран жаттаймыз деді. Сол уақытта біздің жаңа туған баламыз болды. Мен көп ойланбай келістім. Бірақ бір уайымдайтын нәрсе -ол менің анам еді. Өзі 1 топтағы мүгедегі, көзі көрмейді. Анамды жалғыз қалай қалдырам?! Менсіз өте ауыр болатынын білдім. Анамды бірге алып кеткім келді. Анамен сөйлестім, «Бізбен бірге Египетке жүрші» деп ұсыныс жасадым. Маған ойлану керек, бұл оңай шешім емес деп жауап берді. Аз уақыт өткен соң ол бізбен баруға келісті. Осыны біліп, оның жолдасы барсақ бірге барамыз деп айтты. 2013 жылы маусым айында жолдасымен, 6 айлық баламен, анаммен және оның күйеуімен бірге сапарға шықтық. Біз Грузияға ұштық. Сол мемлекеттен Египетке ұшамыз деп ниет қойдық. Бірақ әлем жаңалықтарынан Египетте демонстрация, ереуіл болып жатқанын білдік. Осыны естіп күйеуім Египетке бару қауіпті деп айтты. Уайымдамаңыз ,Египеттен басқа да мұсылман елдері бар. Сирия да мұсылман елі деп бізді жұбатып, сендірді. Біз келісіп, оның артынан еріп кете бердік. Грузияда біз 1 жұма болып, Түркияның шекарасын өттік»,-дейді басынан талай қасіретті өткеріп, қанды қырғынды көзбен көріп қайтқан Динара Еламанова.

Сол кезде Түркиядан 16 сағат жол жүріп, Сирия мен Түркияның шекарасын Динараның отбасы еш қиындықсыз кесіп өтеді. Ол кезде шекарадан өту қиын болмады дейді өзі. 2015 жылдың наурыз айында жас сәбиі шетінеп, 2 айдан соң от пен оқтың арасында жүріп күйеуінен де айрылып қалады.

-«Бұдан кейінгі өміріміз адам төзгісіз еді. 6 айдан соң анамның да жолдасы қайтыс болды. Отбасымыз осылайша ойсырап қалды. 2016 жылы амалсыздан 2 рет тұрмысқа шықтым. 2017 жылы бала босандым. 2019 жылы жолдасымен ажырасып, курттарға пленге берілдік. Ал мамыр айында «Жусан» операциямен елге оралдық. Теологтар салафиттер ұстанымы мен Әбу-ханифи мәзһабының айырмашылығын түсіндіріп, көзімізді ашты. Салафиттік жолдан бас тарттым. Дұрыс-бұрысын түсіндіргенде жүрегімен қабылдай алдым. Ұқтым. Біз бейімделу кезеңінен өтіп, енді оңалу процесіндеміз. Дінді түсінген соң ағайын-тумамен араласа бастадық. Оларға қонаққа барып, туыстық қатынасты дұрыстадық. Балалар метепке, балабақша баратын болды. Дінге бет бұрғанда ресми ақпаратқа сену керек. Тіпті күйеуіңе де сенуге болмайды»,-дейді Динара.

«Жусан» операциясымен елге оралғандар бірінші кезекте психолгтің көмегіне зәру. Олардың бойындағы қорқыныш, психологиялық тұрғыдағы қиыншылықтарды жою үшін көп тер төгіп, үнемі етене жақын жұмыс жасайтын мамандар алғашқыда жапа шеккендер томаға тұйық, бұйығы болса, қазір ашылып, өздерін емін-еркін ұстайтын жағдайға жеткендерін айтады. 80-90%-ы өзгеріп, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасын реттеуге, ата-аналық міндеттерін орындауға бет бұрған. Тәрбиеге, салт-дәстүрге, тарихқа аса мән беріп, өз таным көкжиектерін кеңейткен.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ