Зируза Тасмағамбетова: «Жүректен бұрын ақылды тыңдаймын»

0
15

 

Салмағы: 52 кг

Бойы: 159 см

Хоббиі: сурет салу

Кітап немесе телефон: екеуі де

Мен ешқашан: парашюттан секіріп көрген емеспін

Ең сүйікті сөзі: оңай

Жасырын талант: аузына ауа толтырып ән айту

«Ақпарат Айдыны» тілшісі Мержан Меруертке берген эксклюзивті сұхбатында өзінің шығармашылығы мен қоғамдағы сын, жеке өмірі туралы ашық айтып берді.

Тасмағамбетова Зируза (Ziruza) — Q-Pop бағытының танымал орындаушысы.1997жылы Қостанай облысы, Амангелді ауданында дүниеге келген. Бала күнінде Астана қаласынан Алматыға арман қуып келген Зируза Чайковский атындағы музыкалық колледжді қобыз мамандығы бойынша тәмамдайды. Көпшілікке танылмас бұрын жас әнші батыстық әндерді тыңдап келген. Қобызды анасының ықпалы бойынша үйренген. Бүгінде әнші анасына осы таңдауы үшін алғысын білдіреді. Ең алғаш рет сахнаға 2017 жылы мамыр айында шығып, Q-Pop бағытын таныстырады.

 

— Q – рор бағытында ән айтатын жас әншілердің бірісіз. Сіздің ерекше әндеріңізді кім таңдайды?

 

  • Барлық әнді продюсерім Ерлан Әлімов екеуміз бірге ақылдасып таңдаймыз. Осы тұста Ерлан ағаның маңызы өте зор. Біздің талғамымыз ұқсайды. Өнер жолында бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Қысқаша айтар болсам,екі адамның өзара түсіністігі арқылы бір шешімге келеміз. Продюсерім Ерлан Әлімов екеуміздің тіпті, көзқарасымыз да ұқсас секілді. Ең алғашында Ерлан ағамен жүздескен кезде әнге деген көзқарасы жалпы, концепциясы сәйкес екенін аңғардым. Өнерде  де, өмірде де маған жетекшілік етіп жүрген адамдардың бірі десем артық айпаған болармын.

— Негізі қобыз аспабы бойынша білім алыпсыз. Сізді алдағы уақытта сахнада қобызбен көре аламыз ба?

 

  Иә, мен қобыз мамандығын оқыдым. Бұл салада білім алуым маған көп тәжірибе берді. Себебі, музыка саласы бойынша классикалық жанрда терең білім ала алдым. Бір байқағаным сол мамандықтан толықтай ләззат ала алмадым. Өйткені, ол менің таңдауым, менің өмірлік ұстанымым емес еді.Егер маған жұмысым ұнамаса, мен оны ары қарай қалай жалғастырамын деген сұрақ туындады. Менің таңдауым және қалауым мүлде басқа болды. Қобыз ол тәжірбие ретінде қала бермек. Қобызды тек үйде немесе жақын адамдарымның алдында ойнауым мүмкін. Ал, болашақта мені сахнадан тек қазіргі образда ғана көре аласыздар.

 Сахнада өзіңізге сенімді, өзімшіл образдағы Ziruza ретінде көрсетесіз. Ал, сахна сыртындағы Ziruza қандай?

 

Иә, әрине жалпы халықтың мен туралы көзқарасы мүлде басқа. Менімен біраз сөйлескеннен кейін, бәрі таңқалып, сен өмірде ашық, басқаша екенсің дейді. Өзгенің кейіпін таныта алмайды екенмін. Сахнадағы Зируза мүмкін сезімге беріліп, әнге деген махаббатының арқасында өзге әлемде жүргендей болатын шығар. Ал өнерден бөлек, өмірдегі Зирузаға адамгершілік өте маңызды. Кішкентай кезімнен ата-әжемнің қолында өскендіктен, маған әрқашан «Кім болсаң да, қайда болсаң да, қандай жағдай болса да адам екеніңді ұмытпа», — дейді. Осы ұстанымды ұстанатын жанның бірімін. Ал, енді өнерде жүргендіктен, менің тарапыма әртүрлі сын-пікір айтылады. Уақыттың өлшемімен көре жатармыз. Мен үшін өмір мен өнер жолындағы Ziruza — бір.

— Шоу-бизнесте жүрген жандардың арасында достық болмайды дейді. Сіз достыққа сенесіз бе?

  • Өнер саласында жүргеніме 2 жылға жуық уақыт болады. Осы күнге дейін шоу-бизнестегі адамдармен жақын дос ретінде сырласып көрмеппін. Адамның өзіне байланысты деп ойлаймын. Барлық адамдар бірдей емес, дегенмен, өнер жолына келіп жатқандықтан енді танып-біліп жатырмын. Өнер жолы мен үшін сүйікті ісіммен ғана шектеледі.

— Той бизнес туралы не ойлайсыз?

  • Ешқандай қарсылығым жоқ. Өйткені, той бизнес бұрын болған және болады. Ал өзіме келетін болсам, тойларда ән айтпаймын. Біз басында продюсерім Ерлан Әлімов екеуміз бұл тақырып бойынша ортақ шешімге келген болатынбыз. Біздің бағытымыз жастарға ән арнау. Тек мені фестивальде, түрлі концертте немесе конкурстарда өнерімді тамашалай аласыздар. Бірақ, тойда емес. Себебі, тойда мен «Онда ерікпе» деп тұрсам, қызық  шығар.(Күлді)

— Сіздің өнердегі образыңызға отбасыңыз қалай қарайды?

Анам өте жақсы қарайды. Бала кезімнен түрлі конкурсқа қатысып, үйде ән айтып жүретінмін.Сол кездері үнемі жанымнан әжем табылатын. Алғашқы бейнебаяным шыққаннан кейін отбасым образыма таңқалғаны рас. Бірақ, ешқандай қарсылық білдірмеді. Өйткені, мен әнмен оянып, әнмен тұратынымды отбасым жақсы біледі. Қуантарлығы — отбасым мені әрдайым қолдап жүреді. Шығармашылық саласы бойынша толықтай еркінмін деп айта аламын.

 Отбасылық өміріңізге қайта оралсақ, анаңыз бен әпкеңіз жайлы жиі айтасыз. Алайда, отбасыңызда әкеңіздің рөлі қандай?

Ата-анам бала күнімде ажырасқан…

— Ziruza бүгін неден қорқады?

  • Көп адамдардан еститін шығарсыз, бірақ мен де соны айтайын, жақын адамдарымды жоғалтудан қорқамын. Қазір түрлі апат болып жатқанын естігенде кәдімгідей бір сәтке ойланып қаласың. Елімде ешқандай жамандық болмай, тыныш өмір сүруіміз — мен үшін осы ғана маңызды.

— Әлеуметтік желіде барахолка туралы айтқан пікіріңіз қызу талқыланып жатыр. Бұған не дейсіз?

  • Жақында бір танымал бағдарламалардың бірінде болған оқиға еді. Иә, мен осы бағдарламадан кейін үлкен толқын болатынын білдім. Шыны керек, адамдар соншалықты жаман пікірде болады деп ойламадым. Себебі, бағдарлама әзілге бағытталғаннан кейін позитивті жауап беруге тырыстым. Мен тек қана пікір білдіруші қойған сұраққа ғана жауап берген болатынмын. Ал, экранның артында тұрған адамдар  «Продюсердің талағамы жоқ, сен Барахолкадан киінесің» деп айтып тұрған еді. Бірақ, барлық назар менде болып қалғандықтан мен айтқан сияқты көрініп қалды. Тіпті, менің анамның өзінің ательесі бар. Әрдайым анамның баратын жері — Барахолка, яғни базар. Бұл жерде негізі түсініспеушілік болды. Барахолка туралы ешқандай жаман ойым жоқ. Менің айтқым келгені, сол жерде жұмыс істеп жатқан жандарды төмен түсіру немесе кемсіту мақсатында емес еді. Тек мені жаман жағынан көрсеткісі келетіндердің мақсаты орындалды. Сол бағдарламада маған сұрақ қойған адам Барахолканы өзі жамандап тұр. Тек мені теріс түсініп қалғаны кішкене түсініксіздеу…

 

— Сіздің алғашқы жұмыстарыңыздың бірі — бала күтушіліктен басталған деген ақпарат бар. Бұл қаншалықты рас?

 

  • Иә, ол рас. Бұл туралы тіпті өзім де ұмытып кетіппін. Сіз айтқаннан кейін, сол күндер көз алдыма елестеп кетті.(Көзіне жас алды) Студенттік шақта бала күтушілікке резюме толтырып, сол арқылы еңбек еткенім рас. Өзім кішкентай балаларды жақсы көргендіктен, маған кішкентай балалармен жұмыс істеу қиынға соқпады. Сол кездер — қиын да қызық кезеңдердің бірі. Өйткені, өзімнің сүйікті ісім — әнмен ғана табыс тапқаным жоқ. Ол жасырын емес. Сол жылдары 1000 теңгеге істеген күндерім болды. Бұл өткен күндеріме еш өкінбеймін.Өйткені, әрбір жас азамат еңбекке ерте араласып, жұмыс таңдамайды.

— Зируза ақылды тыңдай ма әлде жүректің үніне құлақ түре ме?

  • Адам өсе келе жүректен бұрын ақылды тыңдайды екен. 18-19 жас шамасында барлық қыздардың басынан өткен шығар, жүрекке барлық таңдауды береді (Күлді). Қазір сезімге берілгім келмейді. Қазіргі сәтте менің жүрегімде тек музыкаға орын бар. Уақытымды өзіме және шығармашылығыма бөлгім келеді. Сондықтан ақылды тыңдаймын.

 

— Алғашында сізді Ninety One тобының мүшесі Даниярмен қосты. Кейін бейнебаяныңызға түскен Әсетпен қосуына не себеп?

 

  • Иә, бұл мәселеге қанша жауап берсем де, соңымнан қалмайтынын білемін. Даниярмен бірге оқыдық, бірге жақсы уақыт өткіздік. Бірақ бұл тақырып жабылған болатын. Ал, Әсетпен біз шығармашылық саласы бойынша бірге жұмыс жасаймыз. Менің екі бейнебаянымда Әсетпен бірге түскен болатынбыз. Әрине, екі бейнебаянда да біз ғашықтарды сомдадық. Сондықтан міндетті түрде өмірде ғашықтар болып саналамыз. (Күлді)

                                                                     Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан  Меруерт Мержан

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ