АИТВ туралы ақиқат пен қауесет

0
28

Көбінесе, біз АИТВ туралы сұрақ қоюға немесе білуге ұяламыз, сұрақтарды ыңғайсыз не ретсіз деп санаймыз, бұл біздің қателіктеріміздің бірі. Өкінішке орай, АИТВ туралы ақпараттың көптігіне қарамастан, АИТВ туралы бұрмаланған пікірлер әлі де бар. Төменде олардың ең көп тарағандарына тоқтап кетейік.
Егер менің досым АИТВ жұқтырған болса, онда ол ЖИТС-пен ауырады ма?
Жоқ, АИТВ жұқтырған адам ЖИТС-пен ауырғанын білдірмейді. АИТВ мен ЖИТС терминдері туыстас болғанымен, олар бірдей емес. ЖИТС — бұл АИТВ-инфекциясының төртінші және соңғы кезеңі, дегенмен, ем мен жүйелі медициналық бақылаудың арқасында АИТВ-инфекциясы ЖИТС-ке ұласпауы мүмкін. АИТВ және ЖИТС терминдері бір-бірімен байланысты, бірақ синоним емес.
Мен өзімді жақсы сезінемін, есірткі қолданбаймын, неге мен АИТВ-ға тесттен өтуім керек?
Әлемде әр 5 минут сайын 10 адам АИТВ инфекциясын жұқтырады, олардың 8-і жыныстық қатынас арқылы. АИТВ-ның жыныстық жолмен таралуы тез, кең таралуын білдіреді. Нәтижесінде АИТВ-инфекциясы халықтың барлық топтарына тұрақты түрде еніп келеді, сондықтан АИТВ-ны тек есірткі қолданатындар ғана жұқтырмайтынын білгеніңіз жөн. Серіктесіңнің АИТВ мәртебесін білмей, қорғалмаған жыныстық қатынасқа түскен барлық адамдар қауіп тобында. Енді тәуекел деңгейіңізді бағалаңыз. Сіз әлі де АИТВ-ға тесттен өту қажет емес деп ойлайсыз ба? Есіңізде болсын, жыныстық серіктестің бет әлпетінен оның АИТВ-статусын бағалау мүмкін емес, сыртқы сау көрінісі АИТВ-ның және басқа аурулардың болмауын білдірмейді.
Мен презервативтерде вирус өткізетін көзге көрінбейтін тесіктер (қуыстық) бар деп оқыдым, демек презервативтер АИТВ инфекциясынан қорғамайды ма?
Презервативтер АИТВ-ның алдын алудың ең тиімді және қол жетімді құралдарының бірі болып табылады. АИТВ вирусының бөлшектері өтетін презервативтердегі микропоралардың болуы туралы көптеген пікірталастар мен әңгімелер бар. Бұл сұраққа ең қысқа дұрыс жауап — сенбеңіз, бұл миф. Презервативтерде ешқандай тесік (қуыстық) жоқ. Олар латекстен жасалған, латекс сұйықтықтың өтуіне жол бермейді, демек ондағы вирусты да өткізбейді.
Барлық жерде АИТВ емделмейді деп айтады, онда неге дәрі ішу керек?
Вирусқа қарсы препараттар деп аталатын АИТВ-инфекциясын емдеуге арналған дәрі-дәрмектер ағзаны вирустан толықтай арылтпайды. Алайда, олар аурудың дамуын бақылауға және асқынулардың алдын алуға толық мүмкіндік береді, бұл АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың ұзақ өмір сүруіне, жұмыс істеуге, оқуға, отбасын құруға мүмкіндік береді. Емдеу неғұрлым тезірек басталса, АИТВ-мен өмір сүру ұзақтығы соғұрлым жоғары болады. Антиретровирустық терапияны уақтылы бастау және жүйелі түрде дәрі қабылдау иммундық жүйенің маңызды бөлігі болып табылатын және вируспен күресуге жауап беретін CD4 және CD8 жасушаларының саны мен арақатынасын сақтауға көмектеседі. Емдеу болмаған кезде қанда вирустың интенсивті көбеюі орын алады, вирус біздің CD4 жасушаларын қолданып өзінің жүздеген мың даналарын жасайды, нәтижесінде CD4 жасушалары біртіндеп азайып, жоғалады, адам ағзасы вирустарға, бактерияларға, саңырауқұлақтарға, екінші дәрежелі инфекцияларға қарсы тұра алмайды, нәтижесінде ЖИТС сатысына өтуіне және өлімге алып келеді. Тиімді антиретровирустық емнің арқасында АИТВ басқа адамға берілмейтінін ғалымдар дәлелдеген.
АИТВ-мен байланысты туындайтын барлық қате пікірлер туралы түсініктерден қорқып және оларды ұстанып, біз көбінесе нақты қауіпті байқамаймыз және АИТВ-инфекциясын болдырмауға көмектесетін ережелерді елемейміз. Қандай да бір себептермен АИТВ туралы өмір сүруге құқығы жоқ ойдан шығарылған фактілерге сенуге бейімбіз. Сізге өзіңізден артық ешкім қамқорлық жасамайды! АИТВ-ны жұқтыру жолдары туралы білім, тәуекелді әрекеттердің болмауы және АИТВ-ға жыл сайынғы тестілеуден өту Сіздің және жақындарыңыздың денсаулығын сақтап қалуға көмектеседі!
АИТВ-ға қатысты толық, әрі нақты ақпаратты біздің сайтта https://www.kazaids.kz/kz/ және әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан біле аласыз.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығы» МКҚК
Ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі
Жанна Айтмағанбетқызы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ