Меркі туралы бір үзік сыр

0
151

 

Исі мұрныңызды жаратын сарым­сақ, жуа, жерсабын, рауғашты айт­пағанда, долана, қарақатты аң-құс қана емес, адам да сүй­сініп жейді.

Меркі – Шу аңғарында жатқан облыстың кішкентай көшірмесі іспеттес өңір. Мұнда асқақтаған Алатау, таудан арқырай, күркірей, көбіктене ағатын өзендерді де, кілемнің түгіндей құлпырған көкмайсаны да көретініңіз анық. Түйенің түлеген кезіндегідей ойдым-ойдым тақыр да, төрт құбыланың қай жағынан жел соқса да құмы аспанға көтерілетін немесе сексеуілдің түбінен сая табатын жал-жал құмды өңір де осында.

Меркі аумағындағы Ала­тау­дың Мүйіздіқара, Қараауыз, Құм­бел, Қасқасу, Үңгірлі, Сан­дық­­тас, Шайсандық, Молалы тау­лары мен сол заңғарлардың қар­­лы шатқалдарында жылдар бой­ы жатқан мұзарттардан бас­тау алған буырқанған өзендер өңір­­­дің барлық табиғатын қалып­т­ас­­­тырған. Осы таулардың қой­н­ау­ындағы жайлауларды көр­ге­ніңіз бар ма?!

Соңғы жылдары Сандықтас жайлауына жиі барған жайымыз бар. Бұл мал жайылымы ғана емес, тұнып тұрған тарихтың жайлауы. Тақия, Қарқалқа жайлауындағы ғажап көріністерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Биік тау басындағы Көккөлдің ғажаптары  кімді болса да тәнті етері сөз­сіз. Бұл көлді көпшілік әртүрлі атай­ды. Бірі – «Әулиекөл» десе, енді бірі – «Айдаһар көлі» дейді. «Көккөл» дейтіндері басым­ы­рақ. Неге бұл көлдің аты көп? Ол бөлек әңгіме. Осы көлдің жан-жағынан жамырайтын Меркі, Аспара, Қарақыстақ, Мықан, Көлтоған секілді тағы да басқа өзендерді жағалай биік­ке көтерілген сайын жер жұма­ғы­ның бар екеніне сенесіз! Көк ас­пан мен көк шалғынды жер аста­сып кеткендей. Түп-түзу неме­се мың бұралған аққайың, қара­ғай, шырша, тағы да басқа орман ағаш­тарының самал желмен тер­белгенін көрудің өзі керемет емес пе?! Шөбі беліңізден асатын алаң­қайлар жиі кездеседі. Жер бауырлай өсетін сан түрлі гүліне көзіңіз тоймайды. Бұл жерде ат шалдырып, сары қымызды сіміре ішсеңіз, бойыңызға өлшеусіз қуат құйылатыны анық. Ауасын айт­саңызшы! Керімсал, саф ауаны жұтқаныңызда сіздің мас бол­масыңыз екіталай. Табиғаттың мұн­дай аясында тек ғажайып тол­ғаныс, шығармашылықтың асы­лы өмірге келетінін, шалқып, кө­ңіліңіз таситынын аңғару қиын емес.

Қырғыз бен қазақтың ортақ жайлауы болып келген атақты Сусамыр мен Мойынқұм, Ой­ран­­ды мен Аспара ортасында жатқан Меркі, Қорағаты, Сұ­рат, Қарақыстақ, тағы да бас­қа кішігірім өзендер мен Көк­көл, Көлтоған, Мықан сияқ­ты көлдерді жағалай қонған мер­кі­лік­тер Жер бетінде өздерінің туған өңірінен ғажап өлке жоқ екенін жиі айтады. Оны жоққа шы­ғару қиын.

Меркіде жаратылысы өзгеше бұлақтар мыңдап саналады. Сондықтан болса керек, Меркі өңірін кейбір зерттеушілер «Бұл өлкені ертедегі саяхатшылар мен тарихшылар «Мыңбұлақ» деп атаған дегенді айтады. Бұл атауды Меркіден екі жүз шақырым жерде, Алатау бөктерінде орын тепкен жуалылықтар да өзіне балайтынын еске алатын болсақ, ой қозғайтын көзқарастар бар екені анық. Қытайдың будда миссионері Сюань-Цзанның жазып қалдырған мына сөздеріне назар аударайық. «Цянь-Цюнань (қытайлықтар Меркіні ертеректе осылай атаған – авт.) елді мекені 200 ли аумақты алып жатыр, оңтүстігінде басын қар шалған тау, қалған үш жағында теп-тегіс дала жатыр. Мұнда жер дымқыл, тоғайы қалың, көктем айларында гүлдері безендірілген жібек мата секілді. Бұлақтардың саны мыңға жетеді. Сондықтан, ол жер осындай атауға ие. Әрі онда көл бар…». Қазақстандық шығыстанушы Ю.А.Зуев жапон тілінде жарық көр­ген ғылыми еңбектерден Мер­кіге қатысты мынандай жайт­тарды бізге жайып салады: «Меркі қаласының көне атауы Мыңбұлақ (көне түркі тілінде Бин-Юл, қытай тілінде Цянь- Цюань). Батыс түрік қағанатының құрамына енген. Онда 618 жылдан бастап Жетісудағы соғ­дылық және ортаазиялық мем­лекеттерді басқару міндеті жүк­тел­ген Тон Жабғу қағанның ор­д­асы орналасқан. 629 жылы Мың­бұ­лақта (Меркіде) буддалық мо­нах Сюань-Цзян болған. Ол 729 жылы Шығыс Түркістаннан шығып Ыстықкөлге жеткенін, одан соң түркілер мекені Ба­ла­­сағұнға келгенін айтады. Ба­ласағұннан шыққанан кейін аялдаған жері Мыңбұлақ алқабы болғанын, Түркістанға жеткенше Талас өзенінен өткенін, Таразға ат басын тірегенін, Исфиджапта, Шаш қаласында болғанын жазады. Оның Меркіге міндетті түрде келетіндігін, себебі ол кезде бұл өңірде сол кездің саяхатшылары тоқтайтын Меркі, Аспара, Құлан сияқты ірі қалалары мен қорғандары бар екенін еске алсақ, «Мыңбұлақ» деген атау­ды Меркі жеріне байланысты айтса керек. «… Оңтүстігінде басын қар шалған тау, қалған үш жа­ғында теп-тегіс дала жатыр» де­ген суреттеуден-ақ бұл Меркі өңірі екенін жазбай танисыз. Жуа­лыны «Мыңбұлақ» деп ата­ғанын да жоққа шығаруға болмайды. Мұнда да мың бұлақ бар.

Өңірде жер бетінде және астында арнасы бар өзендер аз емес. Мұндай өзендер Меркі жерінде баршылық. Тек таудан бастау алатын оннан аса өзен бар. Солардың ең үлкені Шуға барып қосылатын Қорағаты және оған келіп құйылатын ұзын­дықтары жүз шақырымнан асатын Меркі, Аспара өзендері. Батыстан шығысқа қарай, құмды жағалай ағатын Қорағаты өзенінің жаратылысы да қызық. Таудан бастау алатын өзендердің жер астына сіңіп, одан жазық далада мың-мың бұлақ болып жер бетіне қайта шығатыны айтпасада түсінікті.

Меркіні «Мыңбұлақ» деп атауға толық негіз бар екенін осы өңірді көп зертеген ғалым Айман Досымбаева мен өңір су көздері, табиғаты туралы өте дәлелді әрі жан-жақты дәйектер мен деректер келтірген профессор Темірбек Қожакеев пен Ермек Сауранбаев бекіте түседі. Өлкетанушы Ермек Сауранбаев Меркі су көздері төрт деңгейден бастау алатынын айтады және дәлелдейді. Туған жердің табиғатын өте жетік білген, тылсым тіршілікті өзі аралап, өзі көрген, содан ой түй­ген ол Ақтікен, Қорағаты өзен­­дерінің жаратылысын айта ке­ліп, ауданның құм бөлігінде кі­шігірім көлдердің көп болуы се­бебін де түсіндіреді. Суы көп бол­са да оны тиімді пайдалануды мақ­сат еткен меркіліктер Тәтті, Кеңес, Аспара, Меркі сияқты су қой­маларын салған.

Суды пайдалануда ерте заманда өмір сүрген адам әрекеттері мен табиғат салған сурет ізі сайрап жатыр. Ауданның орталығы мен солтүстігі жазық болып кел­генімен, таудан басталатын терең-терең сайлардың арналары, қорғандарды айналды­ра қазылған орлар біздің ба­ба­­ларымыздың белгілі мақ­сат­қа су көздерін тиімді пай­даланғанын аңғаруға болады. Тіп­ті тау қойнауларында адам меке­ні болғанын айғақтайтын үң­гір­лерді, Аспара маңында мыс, ал­тын қорыту пештерін салуда да суды пайдаланғанын аңғару қиын емес. Үңгірлер де, пештер де өзен маңында болуы осыны айғақтайды. Жер бедерінен-ақ бұл өңірде жер сілкіністері болып тұратынын білесіз.

1983 жылы ашылған Меркі ши­па­жайынан жоғары 3-4 ша­қы­рым жерде орын тепкен рес­пуб­л­икалық сейсмологиялық ба­қылау және жер сілкінісін бол­жау жүйесіне кіретін «Меркі» кешенді стансасы мамандарының айтуынша, мұнда 1770 жылдан бері 6 балдан жоғары 14 рет күшті зілзала болыпты. Бұл осы өңірде жер қыртысының орналасу ерекшелігіне байланысты. Әсіресе, 1865 жылы тарихқа «Меркі жер сілкінісі» деп енген зілзаланың күші 8-9 балға жеткен. Оның өзегі Меркі кентінің маңы болатын. Үйлер қирап, биік дуалдары құлап, қарауылда тұрған күзетшілер мен басқа тұрғындар қаза тапқан. Ең соңғы рет 2003 жылы 24 мамырда Құланда болған жер сілкінісі көрші жатқан Меркі ауданының ауылдарына да залалын тигіз­генінің куәсі болғанымыз бар. Жердің әлсіз сілкіністері әр уақытта, тіпті ай сайын болып тұрады десем, артық айтпаған болар едім. Мамандар, ғалымдар осылай дейді. Ыстық әрі шипалы судың көп болуын ғалымдар жер қыртысының сейсмологиялық орналасуымен байланыстырады.

Меркі ауданының басты байлығы – су. Су болғанда да қандай десеңізші?! Ағын сумен бірге адам денсаулығына аса пайдалы шипалы су көздері мұнда көп. Сондықтан да Меркі суынан нәр, қуат алу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен «Меркі» шипажайына жыл сайын мыңдаған адам келіп, суының дәмін татады. Геологтарға «Меркі бұлақтары» деген атаумен белгілі жер астынан атқылаған шипалы судың температурасы 21-23 градус ыстық. Оның құрамында натрий, фтор, сульфат, хлор, кремний қышқылы кездеседі. Шипалы судың зерттелген қазіргі тәуліктік қоры орта есеппен 354 текше метр.

Алатаудан бастау алып, жа­зы­қ­қа қарай асығатын өңір өзен­д­ерінің бәрі жанға шипа екенін ға­лымдар дәлелдеген. Әлі емдік қа­сиеттері анықталмаған су көз­дері де жеткілікті. Солар­дың қатарына Мықан мен Көл­то­ғанды қосуға болады. Бұл еке-
у­ін де «көл» деп те, «өзен» деп те айтуға болады. Мықан өзені­нің басы осы аттас аумағы 65-75 метр болатын көлден, нақ­ты­лай айтсақ, қайнардан бастау ала­ды. Көлтоған да аумағы 2-3 ша­қырым, жарқабақтарының биік­тігі 5-8 метр болатын алып қай­нардан ағып шығады. Алып қай­нарлардың ортасы бүлкілдеп, суы көк аспанға атқылап жатады. Осындай шипалы және асханалық су аудан аумағында құ­­рылыс материалдарының қа­лып­­тасуына да негіз қалаған. Атап айтқанда, саз балшық құм­­­су­дың араласуымен пайда бол­ған.

Жер бедерінің әрқилы бол­ғаны сияқты, оның аңы мен құсы да, өсімдігі де әралуан. Өңірде «Қызыл кітапқа» енген аң да, құс та, өсімдік түрлері де мол. Меркінің биік тауларын мекен еткен бір ғана ұлар құстың өзі неге тұрады?! «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» деген сөз тіркесі қалыптасқан. Соған қарағанда Ұлытауда ұлар құс бар екен деген сенім санаңызға сіңген. Шындығында, адам көзіне түсе бермейтін ұлар қарлы, шыңды үш жарым мың метрден биік тауларда мекендейтіндігін еске алатын болсақ, Ұлытау жерінде ондай биік тау жоқ. Қойылып отырған сауалдың мағынасына да назар аудару қажет. Мәселе, сауал «Ұлытауға барып, ұлар етін жедің бе?» деп қойылмаса да, Ұлытауда ұлар деген құс бар екен деген сенім әркімге-ақ ұялаған. Сол Ұлытаумен бірге аты аталатын ұлар құс Алатаудың шыңдарын мекендейді. Ертеректе алыс елдерден келген саудагерлер бүкіл керуенін бір жапырақ ұлар етіне айырбастайтын болған. Себебі, ұлар еті барлық аурудан тазартып, бойыңа қуат беріп, өміріңді ұзартатынын олар жақсы білген. Осындай байлықтың көзі Меркіде бар.

Тау көгінде ұлармен бірге бүркіт, сұңқар тұқымдас құстар қалықтаса, жерде қақпақ мүйізді арқар, ай мүйізді таутеке, қорбаңдаған қоңыр аю, қар барысы, сілеусін, қасқыр, түл­кімен бірге, жазықта қоя­ны­ңыз, қарақұйрық, ақбөкен мен саршұнақ, күзен, тас­бақа, тағы да басқа аң-құс мекен­дейді. Мойынқұм қойнау­ын­дағы көлдерде аққуды көгіл­ді­рімен жүзіп жүргенін көр­се­ңіз, сұлулыққа деген іңкәр се­зі­міңіз шалқитыны сөзсіз. «Қы­зыл кітапқа» енген қара көк­құтанды да көруіңіз әбден мүм­кін. Сандықтастың елігін көр­се­ңіз, жануардың сұлулығына кө­зіңіз тояды. Ертеде бұл далада бұ­ғы да болған. Әлгі бұл өңірді «Мың­бұлақ» деп атайды екен де­ген қытай саяхатшысының жа­зып қалдырған жылнамасында мы­нандай да жолдар бар:

«…Түрік қағаны жыл сайын осында келіп, жазғы ыстықтан па­налайды. Бұл жерде бұғы көп. Олардың біразының мойы­нына қоңыраулар тағылып қо-
й­ыл­ған. Олар үркіп, қашпайды. Түрік қағаны оларды жақсы кө­р­гендіктен өлтіруге тыйым сал­ған. Бұғыны өлтіргендер қатаң жазаланған…». Ол заманнан бері көп уақыт өтті. Меркі жерін жау да, дос та басты. Бір сөзбен айтқанда, көп су ақты, тас қалды. Бірақ қалған тасыңыз мүжіліп құмға айналғандай, аңы мен құсы да бұл өңірден ауып, жер ұйығын іздеп кеткендей. Әлгі жат елдің саяхатшысы көр­ген еліктің сынық тұяғы ғана қал­ғанына өкінесіз. Шүкір, жоқ емес, бар!

Аң-құс, өсімдік түрлерінің көп болуына Меркі табиғатының жайлы, топырағының құнарлы әрі әртүрлі болуы үлкен ықпал жасаған. Жауын-шашыны қалыпты. Тау бөктерлерінің то­пырағы қара, қошқыл, қызылқо­ңыр болуы салқын ауаға ың­ғайлы өсімдік түрлерінің көп өнуі­не әсер етсе, жазықта сұр, боз­ғылт құм-топырақты болып келуі тағы да басқа шөп түр­лерінің өсуіне, өнуіне негіз қа­ла­ған. Аз болса да сазды жер де бар. Су көздерінің жер бетіне жа­қын болуы тал-дарақтың, же­міс ағаштарының, өсімдік түр­лерінің жапырақ жаюына негіз қа­лағаны сөзсіз. Мойынқұм өңі­рінің Түлейқұм, Сарқоба, Қарақоба және Қорағаты өзенінің жағалауында адам таңғаларлық әртүрлі шөп өседі. Бұл өңірдің өсімдікке бай болуы зоологтарды таңғалдырып келеді. Ағаш тұқымдас өсімдіктер – асатаяқ, изен, теріскен, ақтаспа, жабайы жүзім, тағы да басқалары өсетін болса, бидайықтың бірнеше түрі, атқұлақ, шашыратқы, қазтаңдай, құлқайыр, жабайы жо­­ңышқа, бетеге, жусан, бүр­ген, есірткілік қарақурай, қа­мыс, тағы басқалары бітік. Тау­да және оның бөктеріндегі өсім­д­іктер дүниесі бір әлем. Исі мұрныңызды жаратын сарым­сақ, жуа, жерсабын, рауғашты айт­пағанда, долана, қарақатты аң-құс қана емес, адам да сүй­сініп жейді.

Меркі жерін аралаған сайын жаңа өсімдікті көрем. Өкініштісі, олардың атын мен де, сол өңірдің азаматтары да білмейді. Туған жерде өсетін қызғалдаққа дейін әлдебір натуралистердің атын беруі таңғалдырады. Біздің далада өсетін қызғалдақтарды «альберт», «кауфман», «регель» қызғалдақтары деп атауы ешқан­дай ақылға сыймайды. Сон­дық­тан да адам аттарын үл­кен әріппен жазбаймын. Тіпті, біз­дің өңірде өсетін бәйшешекті «ко­рольков бәйшешегі» деп атау­ы-
ның өзі таңғаларлық?!

Мұнда дәрілік шөп өте көп өседі. Бір ғана қырықбуын (эфедра) дәрілік аса құнды шикізат. Бұл шөптен «эфедерин» атты дәрі жасалады. Өңірде бұлардан басқа да аса бағалы дәрілік шөптер көп өседі. Сондықтан да ерте көктемнен бастап, өзге жақтан келіп, тау, тасты, құмды, дала мен жазықты аралап, шөп жинап жүргендерді жиі кездестіресіз.

Сулы жер нулы екені бесе­неден белгілі. Бұл өңірге бақ қонып, қыдыр дарыған. Бұ­ған Қарақыстақ шатқалы ар­қы­лы Сандықтас биігіне кө­те­рілгенде көзіміз анық жетті. Бұл жер тарихшылар арасында «Меркі ғибадатханасы» деген атпен белгілі. Түркі қа­ған­да­рының жаз жайлауы болған аң­ғар­лы алаңдағы балбалды көр­генде, оның киесі мен иесі бар екеніне қапысыз сенесіз. Бір топ өлкетанушылар теңіз дең­гейінен төрт мың метрге жуық биік­тікке көтеріліп, табиғаттың ғажайып суреттерін көргенде таңданыстарын жасыра алмады. Тау бөктерлерін қиып салынған жол биіктеген са-
йын жүрек соғысы жиілеп, сұлу көріністерді көруге ұмтыла түсті. Көккөл, Астаукөл, Бұзылғанкөл жағасында тұрып, Тәңірдің күшімен пайда болған көлдердің сұлулығын айтқың келіп, көңілге келген сөзді түйіп, ой бөлісер уақытын амалсыз күтесіз. Себе­бі, ешкімнің әсерін, көңіл күй­ін бұзғыңыз келмейді. Бір ғажа­бы мұнда сан жылдар бұрын адам­дардың өмір сүргеніне көз ­жеткізесіз. Мәселен, Қара­қыс­тақ шатқалы арқылы Әулие- шоқ­ыға көтерілер жолда көк­пар алаңындай жазықтан қор­ғандар мен қамалдарды, оны қорғағандарға қойылған балбал тастарды көргенде мұнда да тәуелсіздік үшін қиян-кескі шайқастың болғанын аңғарасыз.

Әрине, ауасы таза, шөбі шүй­гін өңір жаз жайлау бол­ға­ны сөзсіз. Сонымен бірге, жау­­гершілік заманында ұлы аталарымыздың сыртқы жау­дан сақтану үшін қиын болса да қиялап шығып, тауды ме­кен еткенін де білесіз. Бұл өңір жаз жайлау ғана емес, адам ру­хы мәңгі сая табатын орынға ай­на­лғанынан осыны аңғаруға болады.

Меркі бұлақтары бастау алатын Сандықтас шатқалының көркіне де, тарихына да тоймайсыз. Одан бастау алатын өзендер мәңгі шалқиды. Табиғатта ең сұлу көрініс күн шұғыласы, тол­қы­нымен толқыны жарысқан өзен, көкорайға оранған асқар тау, көк аспанда қалықтаған құс, жерде жортқан аң болса керек. Осының бәрі Меркі өңірінде бар!

Меркінің бүкіл табиғатын тәптіштеп айту мүмкін емес. Ту­­ған жердің біз білмейтін, біз аң­ғара қоймаған табиғат ғажай­ып­тары көп. Оның бәрін білу мүмкін бе? Сонысымен туған жер әрқашанда ыстық, ғажап, жұм­бақ. Сондықтан да оны аялай, қастерлей білген жөн.

«Ауданның орталығы мен солтүстігі жазық болып кел­генімен, таудан басталатын терең-терең сайлардың арналары, қорғандарды айналды­ра қазылған орлар біздің ба­ба­­ларымыздың белгілі мақ­сат­қа су көздерін тиімді пай­даланғанын аңғаруға болады».

 

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,
жазушы

Жамбыл облысы,
Меркі ауданы

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ